
- 14 апр. 2025 08:40
- 39
Тоқаев: Салық саясаты қатаңдамайды, керісінше жүйеленеді
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев салық реформасына қатысты нақты ұстанымын мәлімдеді. Оның айтуынша, жаңа Салық кодексі кәсіпкерлер мен мемлекеттің мүддесін тең деңгейде ескеріп, түсінікті әрі әділ жүйеге айналуға тиіс.
«Біз салық саясатын қатаңдатуды көздеп отырған жоқпыз. Керісінше, оны ретке келтіреміз. Қазіргі кодекс тым күрделі, түрлі жеңілдіктер мен режимдердің көптігі бизнес қауымдастығында теңсіздік туғызды. Біреуге тиімді, ал енді біріне керісінше – әділетсіз жағдай қалыптасуда. Мұндайға жол беруге болмайды», – деді Президент.
Мемлекет басшысы жаңа Салық кодексі кәсіпкерлерді салықтан жалтаруға емес, керісінше, оны ашық төлеуге ынталандыратынын атап өтті. Салық түсімдері есебінен жаңа мектептер мен ауруханалар салу, инфрақұрылым дамыту секілді бастамалар жүзеге асады.
«Ашық және тұрақты салық жүйесі – инвестиция тартудың, экономика өсімінің кепілі. Бұл – ең алдымен халықтың әл-ауқатын арттыруға жол ашады», – деді Тоқаев.