Последнее обновление

(Время обновление 5 минут назад)
Трамп пен Путиннің Қытайға сапары: Бейжіңнің жаһандық ойыны

Соңғы апталарда Қытай астанасы Бейжің әлемдік саясаттың орталығына айналды. Қытай төрағасы Си Цзиньпин бір-бірінен кейін АҚШ президенті Дональд Трампты және Ресей президенті Владимир Путинді қабылдады. Бұл кездесулер Қытайдың жаһандық аренадағы ықпалының артқанын айқын көрсетті.

Бұл туралы Infohub.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Трамптың Бейжіңге сапары

АҚШ президенті Дональд Трамптың Қытайға жасаған сапары негізінен экономикалық және геосаяси мәселелерді талқылауға бағытталды. Кездесуде сауда, Тайвань мәселесі, технологиялық бәсеке және Таяу Шығыстағы ахуал сияқты маңызды тақырыптар қозғалды. Сырт көзге кездесу жылы өткендей көрінгенімен, сарапшылар нақты келісімдерге қол жеткізілмегенін атап өтті. Францияның Le Monde басылымының мәліметінше, Қытай тарапы жоғары деңгейде ұйымдастырғанымен, екі ел арасындағы негізгі қайшылықтар, әсіресе Тайвань, тарифтер мен технологиялар бойынша ортақ шешім табылмаған.

Сарапшылар Трамптың бұл сапары арқылы Қытаймен қарым-қатынасты шиеленістірмеуге тырысқанын айтады. Себебі, АҚШ пен Қытай арасындағы бәсекеге қарамастан, екі ел экономикалық жағынан бір-біріне тәуелді. Ал Қытай үшін АҚШ президентін қабылдау – өзінің әлемдік ықпалын паш етуге мүмкіндік берді. Бұл Бейжіңнің әлемге "АҚШ бізбен санасады" деген сигнал беруі еді.

Путиннің Қытайға сапары

Трамп кеткеннен кейін көп ұзамай Бейжіңге Ресей президенті Владимир Путин келді. Бұл – Путиннің Қытайға жасаған 25-ші сапары. Қытай тарапы Путинді ерекше құрметпен қарсы алып, бұл кездесуді "стратегиялық серіктестіктің жаңа кезеңі" деп атады. Путин де екі ел арасындағы қарым-қатынасты "тарихтағы ең жоғары деңгей" деп бағалады.

Алайда халықаралық сарапшылар Ресей мен Қытай арасындағы тепе-теңдіктің өзгергенін алға тартады. Украинадағы соғыс пен Батыстың санкцияларынан кейін Ресей Қытайға бұрынғыдан әлдеқайда тәуелді болып қалды. Қазіргі таңда Қытай Ресей үшін негізгі экономикалық серіктес, ірі нарық, технология мен тауар жеткізуші, сондай-ақ халықаралық қысым жағдайындағы маңызды саяси тірек болып отыр.

Al Jazeera сарапшыларының пікірінше, бұл кездесуде Қытай өзін әлдеқайда сенімді әрі мықты позицияда ұстады. Кейбір сарапшылар "қазір Қытайға қарағанда, Ресейге Қытай көбірек қажет" деген пікір білдіруде. The Washington Post басылымы да Ресейдің Қытай экономикасына тәуелділігінің артқанын жазады. Бұрын Мәскеу Бейжіңмен тең серіктес ретінде көрінуге тырысса, қазір бұл жағдай өзгерген.

Қытайдың жаһандық месседжі

Сарапшылар Трамп пен Путиннің араға санаулы күн салып Бейжіңге келуін кездейсоқтық емес деп санайды. Бір жағынан, Бейжің АҚШ-пен диалог жүргізе алатынын көрсетсе, екінші жағынан, Ресеймен стратегиялық байланысын үзбей отырғанын паш етті. Яғни, Қытай өзін Батыс пен Ресей арасындағы жай бақылаушы емес, әлемдік саясаттағы жеке әрі ықпалды күш ретінде танытуға ұмтылуда. The Guardian басылымы да Бейжіңнің жаһандық дипломатияның орталығына айналып бара жатқанын жазады.

Соңғы жылдары әлемде жаңа геосаяси тәртіп қалыптасып жатқаны айтылуда. АҚШ пен Қытай арасындағы бәсеке күшейіп, Ресей Украинадағы соғыстан кейін ықпалын әлсіретті. Осындай жағдайда Қытай екі ірі державамен де байланысын сақтап, өз ықпалын арттыруға тырысуда. Сарапшылардың пікірінше, бүгінгі әлемдік саясатта Қытайды айналып өту мүмкін емес.

Новости

Реклама