Последнее обновление

(Время обновление 5 месяцев назад)
Түркияда Стамбұл мэрі Экрем Имамоғлының қамауға алынуы елді дүр сілкіндіріп,жағдайды одан әрі шиеленісуде

Түркияда Стамбұл мэрі Экрем Имамоғлының қамауға алынуы елді дүр сілкіндіріп,жағдайды одан әрі шиеленістіруде,-деп хабарлайды Infohub.kz.

Түркияның бірнеше ірі қаласында билікке қарсы наразылықтар өршіп тұр. Оған Стамбұл мэрі Экрем Имамоғлының қамауға алынуы себеп болды. Оппозиция жетекшілерінің бірі саналатын Имамоғлы "жемқорлық" және "Түркияда тыйым салынған Күрдтердің жұмысшылар партиясын қолдау" айыптары бойынша тергелген соң сот оны қамауға алу туралы шешім шығарды.

Елді дүрліктірген ұстау

Стамбұл мэрін сенбі күні шамамен бес сағат бойы тергеді. Ол өзіне тағылған айыптарды жоққа шығарып, мұның бәрін саяси қысым деп атады. Түркиядағы оппозициялық Халықтық-республикалық партиясы (ХРП) Имамоғлыны 2028 жылғы президент сайлауына үміткер ретінде таңдауға дайындалып жатқан еді. Алдағы сайлауда ол президент Режеп Тайып Ердоғанның басты қарсыласы болуы мүмкін деп болжанған.

Алайда, сот оның "қылмыстық топ құрып басқарғанын, пара алғанын, бопсалаумен айналысқанын, жеке деректерді заңсыз тіркегенін және тендерлер нәтижесін бұрмалағанын" мәлімдеп, оны тұтқындау туралы шешім шығарды. Осыдан кейін халық жаппай көшеге шығып, наразылық басталды.

Наразылықтар және қақтығыстар

Қала тұрғындары мен оппозиция жақтастары наразылық акцияларын тек Стамбұлда ғана емес, Анкара, Измир, Адана, Анталия, Чанаккале, Ескішехир, Конья және Едірне қалаларында да өткізді. Түркияның ішкі істер министрі Әли Ерликаяның мәліметінше, наразылық кезінде 340-тан астам адам ұсталған.

Стамбұлдың Сарачане ауданында полиция демонстранттарды тарату үшін көзден жас ағызатын газ бен су атқыштарын қолданды. Кейбір куәгерлер полицияның резеңке оқпен атқанын хабарлады. Министр Ерликая наразылық кезінде бір демонстранттың полиция қызметкеріне қышқыл шашып, шабуылдағанын мәлімдеді.

Биліктің реакциясы

Режеп Тайып Ердоғанның үкіметі наразыларды "елдің тыныштығын бұзып, халықты екіге бөлді" деп айыптады. Ал ХРП жетекшісі Өзгур Өзел Имамоғлының қамауға алынуын "келесі президентке қарсы жасалған төңкеріс әрекеті" деп бағалады.

Наразылыққа байланысты билік сот ғимараттарына баратын жолдарды жауып, жақын маңдағы метро станцияларын бекітіп, жүздеген полиция қызметкері мен ондаған арнайы техника жұмылдырды. Соған қарамастан, Стамбұлда халық бесінші күн қатарынан қала әкімдігі алдына жиналып, билікке қарсы ұрандар айтуда.

Қазақстан консулдығының ескертуі

Түркияда жүрген қазақстандықтарға Қазақстанның Стамбұлдағы бас консулдығы мәлімдеме жасады. Онда азаматтарға халық көп жиналатын орындарға бармау, митингілерге қатыспау және қауіпсіздік шараларын сақтауға шақыру айтылған. Сондай-ақ, жаңалықтарды қадағалап, Қазақстанның Түркиядағы дипломатиялық өкілдіктерімен байланыста болу ұсынылды.

Түркия қайда бет алып барады?

Экрем Имамоғлының қамалуы Түркиядағы саяси ландшафтқа үлкен өзгеріс әкелуі мүмкін. Оның танымалдығы артып келе жатқандықтан, оппозиция жақтастары бұл әрекетті биліктің қарсыластарын әлсірету амалы деп санайды. Ал сарапшылардың пікірінше, бұл жағдай 2028 жылғы президент сайлауының алдында елдегі саяси шиеленісті күшейтпек.

Қазіргі уақытта Түркияда жағдай тұрақсыз. Оппозицияның ары қарайғы қадамдары, биліктің реакциясы және халық наразылығының қаншалықты созылатыны алдағы күндері белгілі болмақ.

You Might Also Like

Новости

Реклама