
- 15 мая 2025 13:13
- 38
Түркістанда полиция бастығы тұрғындарға қылмыс деңгейінің төмендегенін мәлімдеді
Түркістан облысы полиция департаментінің бастығы Мұрат Қабденов өңір тұрғындарымен кездесіп, құқық қорғау органдарының 2025 жылдың алғашқы айларындағы жұмыс нәтижелерін таныстырды.
Ведомство басшысы биыл облыстағы жалпы қылмыс деңгейі 3,2%-ға төмендегенін атап өтті. Ұрлық деректері – 38,7%-ға, мал ұрлығы – 43,7%-ға азайған. Сондай-ақ пәтер ұрлығына қатысты 8, интернет-алаяқтыққа қатысты 23 және мал ұрлығына байланысты 16 қылмыстық топтың әрекеті әшкереленген.
Кездесуде азаматтар түрлі мәселелер бойынша сұрақ қойды. Шардара тұрғыны интернет-алаяқтық құрбаны болғанын айтып, кінәлілерді анықтауды сұрады. Ал Кентау қаласының тұрғыны полицейлердің заңсыз рәсімделген несиені анықтаудағы көмегіне алғыс білдірді. Түркістан қаласының тұрғыны тергеудің әділетсіздігіне шағым айтып, оған қатысты нақты тапсырма берілді.
Мұрат Қабденов қоғамдық тәртіпті сақтау мен заңдылықты қамтамасыз ету жолындағы жұмыстар жалғаса беретінін жеткізді. Оның айтуынша, полицияның басты міндеті – халық сенімін ақтау.