
- 17 июн. 2025 09:53
- 25
«Үй де жоқ, жұмыс та жоқ»: 23 жылға сотталған Абзал Шынасылдың анасы жанайқайын айтты
Марқұм Шерзат Болаттың өліміне байланысты 23 жылға бас бостандығынан айырылған Шынасыл Абзалдың анасы Ақбота Есбергенова ұлының сотынан кейінгі ауыр жағдайын баяндады. Ол «Ел дауысы» бағдарламасына берген сұхбатында сот шешімі мен өз отбасының қазіргі күйі туралы жан тебірентерлік сөз қозғады.
— Жағдайымыз өте қиын. Балама тым көп жыл берді. Өз жасағанын мойындап, жазасын алуға дайын екенін айтты. Бірақ 23 жыл деген — өте ауыр үкім. 15 жыл берсе де жеткілікті еді. Қазір 60 миллион теңге талап етіп отыр, ал менің үйім де, табысым да жоқ. Осы сот процесінің өзінде қатты қиналып қалдық. Екі ай бойы Талдықорған мен үйдің арасында шапқылап жүріп, жұмыссыз да қалдым, — дейді көзіне жас алған ана.
Ақбота Есбергенованың айтуынша, сот әділетті шешім қабылдауы керек, бірақ жазаның шегінен шығуы көп нәрсені күйретіп кеткен. Отбасындағы жалғыз асыраушыдан айырылу — олар үшін ауыр соққы болды.
— Ұлым істеген ісіне өкініп отыр. Сотта ашық айтып берді. Біз ештеңеден қашқан жоқпыз. Бірақ жағдайымызды да ескерсе екен дейміз, — дейді ол.
Бұл — тек бір отбасының емес, жазалау мен әлеуметтік қолдаудың тепе-теңдігі жайлы қоғамға тасталған үлкен сұрақ.