
- 03 авг. 2025 18:25
- 22
«Үй жинауға жұмысқа шақырған» Шымкентте 26 жастағы әйелді 17 жастағы жасөспірім пышақтап өлтірді
«Үй жинауға жұмысқа шақырған» Шымкентте 26 жастағы әйелді 17 жастағы жасөспірім пышақтап өлтірді
Шымкентте 21 шілдеде із-түссіз кеткен 26 жастағы Диана Оңғарбаева қаза тапты. Қайғылы оқиға елді дүр сілкіндірді. Екі баланың анасы жұмыс іздеп, Telegram арнасында жарияланған «үй жинау қызметі керек» деген хабарлама бойынша белгісіз мекенжайға барған. Артынша үйіне оралмаған.
Марқұмның туыстарының мәліметінше, Диананы 17 жастағы жасөспірім 16 рет пышақтап өлтіріп, денесін қоқысқа лақтырып кеткен. Жантүршігерлік ақпаратты заңгер Ләззат Рақышева да әлеуметтік желіде растады.
– Қызды үйіне шақырған. Алаяқтық жолмен тұзағына түсіріп, аяусыз өлтірген. Артында жолдасы мен екі бүлдіршіні қалды. Бұл – жай ғана қылмыс емес, жүйелі қауіпсіздік дабылы, – деді заңгер.
Полиция бұл дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 99-бабы ("Адам өлтіру") бойынша іс қозғап, күдіктіні қамауға алды. Қазір тергеу амалдары жүріп жатыр.
Бұл қанды оқиға Telegram секілді ашық платформаларда жұмысқа шақыруды жамылып жасалатын қылмыстардың көбейіп келе жатқанын көрсетіп отыр. Сарапшылар мұндай жарнамаларға сенбеуді, кез келген жұмыс ұсынысына сақтықпен қарауды ескертеді.