
- 05 июн. 2025 12:49
- 32
Ulysmedia бас редакторы Самал Ибраева кибершабуыл жасалып жатқандығын мәлімдеді
Ulysmedia бас редакторы Самал Ибраеваға кибершабуыл жасалып жатқандығын мәлімдеді,деп жазады Инфохаб тілшісі.
Қазақстандық тәуелсіз журналистикаға қарсы жасалған кезекті шабуыл – Ulysmedia.kz сайтының бас редакторы Самал Ибраеваға бағытталды. Ақпараттық кеңістікте белсенділігімен танылған журналист цифрлық қудалауға ұшырап, бұл әрекетті "сөз бостандығына төнген қауіп" деп бағалады.
"Көрсетеміз деді – көрсетті"
Ибраеваның айтуынша, ол соңғы кездері бірнеше рет қысымға ұшыраған. "Мақаланы өшір, тақырыпты ауыстыр, суретті алып таста – әйтпесе көрсетеміз" деген белгісіз ескертулерден кейін, қызмет көрсету сайтында жалған интим анкета пайда болған. Онда оның аты-жөні, суреті және телефон нөмірі жарияланған.
> "Бірнеше күннен бері телефоныма тыным жоқ – ұятсыз ұсыныстар мен мазасыз қоңыраулар үздіксіз келеді. Таныстарым мен оқырмандар хабарласып, не болғанын сұрайды. Мен бәріне түсіндірумен әлекпін. Бұл цифрлық шабуыл арқылы пиғылдылар дегеніне жетті", – деп жазды ол Ulysmedia сайтында.
Ибраеваның айтуынша, ол бұл факті бойынша полицияға арыз түсірген. Бес күннен кейін ғана киберқылмыс бабы бойынша іс қозғалған. Журналист Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа жүгініп, істі жеке бақылауына алуды сұрады.
Бұл – Самал Ибраеваға жасалған алғашқы шабуыл емес. Бұған дейін ол:
Редакцияға балалар суреті мен шикі ет салынған қорап келгенін,
Сайт бұзылып, жеке мәліметтері жарияланғанын,
Осы әрекеттердің барлығын тікелей қорқыту деп қабылдайтынын мәлімдеген еді.
Ибраеваның жағдайы – Қазақстанда журналистерге жасалып жатқан қысым мен қауіптің ашық көрінісі. Бұл – цензураның жаңа формасы – кибершабуыл, моральдық және психологиялық қысым. Мұндай әрекеттер тек журналистерге емес, бүкіл қоғамның ақпарат алу құқығына төнген қатер саналады.
Ulysmedia бас редакторына жасалған бұл шабуыл – еліміздегі сөз бостандығына деген шынайы көзқарасты көрсететін дабыл. Мемлекеттік органдар бұл істі тек жекелеген оқиға емес, жүйелік проблема ретінде қарап, қылмыстық әрекеттердің артында тұрғандарды анықтап, жауапқа тартуы тиіс.