
- 12 мар. 2025 08:44
- 36
Зейнетақы қоры шығынға ұшырады ма? Сарапшылар не дейді?
Қаңтар айында Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының (БЖЗҚ) инвестициялық кірісі айтарлықтай төмендеп, бұл қоғамда үлкен талқы тудырды. Өздерінің зейнетақы шотындағы өзгерістерді байқап, қаржылық жағдайына алаңдаған азаматтар түрлі пікірлер білдіруде. БАҚ пен әлеуметтік желілерде "зейнетақы қоры шығынға батты", "миллиардтар жоқ болды" деген мәлімдемелер көбейді.
Алайда, Ұлттық банк бұл жағдайға түсініктеме беріп, мәселе уақытша екенін мәлімдеді. Қаңтар айында инвестициялық кіріс минус 285 млрд теңгені көрсетіп, жалпы табыс деңгейі 1,25%-ға төмендеген.
Зейнетақы жинақтары неге азайды?
Мамандар мұның үш негізгі себебін атап отыр:
-
Мемлекеттік бағалы қағаздардың арзандауы
Қаңтарда Қаржы министрлігі облигацияларды көптеп шығарғанымен, оларға сұраныс аз болды. Бұл бағалы қағаздардың нарықтық құнын төмендетіп, БЖЗҚ портфеліндегі активтерге әсер етті. -
Ұлттық валютаның нығаюы
Жыл басында теңге долларға шаққанда біршама нығайды. Егер бұрын 1 доллар 525,11 теңге болса, қаңтардың соңында 518,14 теңгеге дейін түсті. Бұл өзгеріс зейнетақы қорындағы шетелдік активтердің құнсыздануына алып келді. -
Халықаралық нарықтағы тұрақсыздық
Әлемдік қаржы нарығындағы өзгерістер де Қазақстандағы зейнетақы қорының инвестициялық көрсеткіштеріне кері әсерін тигізді.
Қаржы сарапшылары не дейді?
Ұлттық банк өкілдері мен экономистердің айтуынша, бұл – ұзақ мерзімді инвестициялардың қалыпты құбылысы. Олар жинақтың уақытша азаюы қордың толықтай шығынға ұшырағанын білдірмейді дейді. Мұндай жағдай нарықтағы өзгерістерге байланысты мезгіл-мезгіл қайталанып тұрады. Сарапшылар зейнетақы қаражатын басқару тиімділігін 1-2 ай емес, кемінде жылдық көрсеткіш бойынша бағалау қажет екенін айтады.
Ұлттық банк ақпан айында да осы тенденция жалғасуы мүмкін екенін жоққа шығармайды. Өйткені теңгенің нығаюы мен мемлекеттік облигациялар бағасының төмендеуі әлі де байқалып отыр.
Қысқа мерзімді өзгерістер кейде негативті көрінуі мүмкін, бірақ қаржы мамандары зейнетақы қоры банкротқа ұшырады немесе қаражат жоғалды деуге негіз жоқ дейді. Инвестициялық табыс жыл сайын өзгеріп отырады, ал қазіргі жағдай уақытша құбылыс ретінде қарастырылуда.
БЖЗҚ-дағы қаражатыңыздың қозғалысын бақылау маңызды, бірақ нарықтық ауытқуларға байланысты жалған үрейге бой алдырудың қажеті жоқ. Ұзақ мерзімді перспективада инвестициялық табыс қайта қалпына келеді деп күтілуде.