Алматы облысында құқық қорғау органдарының материалдық-техникалық базасын нығайту жұмыстары жүйелі жалғасып келеді. Өңір басшысы Шыңғыс Әринов полиция департаменті мен мемлекеттік мекемелерге отандық өндірістен шыққан 50 жаңа қызметтік көліктің кілтін табыстады, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
«Мемлекет құқық қорғау органдарының материалдық-техникалық базасын нығайтуға әрдайым ерекше көңіл бөліп келеді. Осы жұмыстар аясында полиция департаменті мен мемлекеттік мекемелерге отандық өндірістен шыққан 50 жаңа қызметтік көлік беріліп отыр. Автопарктің жаңаруымен құттықтаймын!» — деп келтіреді өңір әкімдігі Шыңғыс Әриновтің сөзін.
Ол сондай-ақ Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында «Заң және Тәртіп» қағидатын мемлекеттің басты басымдықтарының бірі ретінде айқындағанын еске салды. «Осы жауапты миссияны жүзеге асыруда сіздердің рөлдеріңіз айрықша маңызды», — деп атап өтті облыс әкімі полиция қызметкерлеріне арнап сөйлеген сөзінде.
Өңірде қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жұмыстары жүйелі жүргізілуде. Мәселен, облыстың қоғамдық орындарында 11 400 бейнебақылау камерасы орнатылып, жедел басқару орталығына қосылған. Бұл құқық бұзушылықтарды уақтылы жолын кесуге және оқиғаларға жедел ден қоюға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар келесі жылы полиция жұмысының тиімділігін арттыру мақсатында қолдау жалғасады. Атап айтқанда, жергілікті бюджет қаражаты есебінен учаскелік және патрульдік полиция үшін қосымша 150 штаттық бірлік бөлу қарастырылған.
Мемлекеттік қолдаумен қатар қолдағы ресурстарды тиімді пайдалану да маңызды. Бюджет қаражатының шектеулі екенін ескеріп, сеніп тапсырылған мүлікке ұқыпты қарау және жаңа көліктерді ұтымды пайдалану қажет. Бұл — әр қызметкердің жауапкершілігі. «Біздің ортақ мақсатымыз — қауіпсіз орта құру, қылмыс деңгейін төмендету және халықтың өмір сапасын арттыру», — деді Шыңғыс Әринов.
Жаңа қызметтік көліктер Қонаев және Алатау қалаларының, сондай-ақ Еңбекшіқазақ, Іле, Талғар, Қарасай, Жамбыл, Балқаш, Кеген, Райымбек және Ұйғыр аудандарының полиция бөлімдеріне табысталды.


