Алматыда Жароков көшесі мен Бұқар жырау бульварының қиылысында жаяу жүргіншілер тротуарының қаптамасы опырылды. Оқиға бейнежазбаға түсіп, қала әкімдігі қираудың себебін түсіндірді, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Мегаполис тұрғыны Ботагөз Әсімхан Threads желісінде Жароков көшесі мен Бұқар жырау бульварының қиылысындағы тротуардың опырылуы туралы жазба жариялады. «Жароков — Бұқар жырау тротуарының плиткасы 2026 жылдың қазанында төселген. Ал егер тротуар адамның немесе арбасымен сәбиін алып келе жатқан ананың аяғының астынан опырылса ше?» — деп наразылық білдірді жазба авторы. Жазбаға ол тротуар опырылған жерден түсірілген бейнежазбаны қоса берген.

NUR.KZ тілшісі Алматы әкімдігінің баспасөз қызметіне сұрау жолдады. Онда тексеруден кейін қаптаманың шөгуі мен опырылуының себебі жаяу жүргіншілер өткелінің астындағы құбыр диаметрінің сәйкес келмеуі болғанын түсіндірді.

«Бар Б-3 типті арық диаметрі кішірек металл құбырмен жалғанған, соның салдарынан жауын-шашын көп болғанда жаңбыр суы жиналып, асып кеткен. Бұл қаптама астындағы топырақ негізінің шайылуына, салдарынан оның шөгуіне және қирауына әкелді», — делінген түсініктемеде.

Баспасөз қызметі аталған учаскені абаттандыру аясында тек жаяу жүргіншілер тротуарын жайластыру, оның ішінде қаптама төсеу жұмыстары ғана атқарылғанын атап өтті. Бар арық науаларын, металл су өткізгіш құбырларды және жабық арық жүйелерін жөндеу, ауыстыру немесе қайта жаңарту жұмыстары жүргізілмеген.

«Мердігер ұйымның күшімен аталған ақаулар қысқа мерзімде жойылып, тиісті күйге келтіріледі», — деп қосты әкімдікте.