Алматы тұрғындары 2 қарашадан бастап «Жасыл аула» акциясы аясында жапырақты ағаштардың 10 көшетіне дейін тегін алуға өтінім бере алады. Көшеттер көппәтерлі үйлердің аулаларын және өзге де ортақ пайдаланылатын аумақтарды көгалдандыруға арналған, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Бұл туралы Алматының экология және қоршаған ортаны қорғау басқармасы мәлімдеді. Акцияға қатысушылар отырғызылған ағаштарды үш жыл бойы күтіп-баптауға міндеттеме алуы керек.

Өтінімдер 2026 жылғы 2-15 қараша аралығында zhasyl.aula2026@mail.ru электрондық поштасы арқылы қабылданады.

Қатысу үшін аты-жөнін, байланыс деректерін, отырғызу жоспарланған нақты мекенжайды және қажетті ағаш санын көрсету қажет. Сондай-ақ таңдалған аумақтың бірнеше суретін, мүмкіндігінше панорамалық түсірілімін қоса беру керек — мамандар отырғызу орнын сол арқылы бағалайды. Суретсіз өтінімдер қарастырылмайды.

Көшеттерді беру 21-22 қарашаға жоспарланған, мекенжайы: Тәжібаева көшесі, 155а.

Отырғызғаннан кейін қатысушылар отырғызылған ағаштар туралы фотоесеп жіберуі тиіс.

Акция жеке тұрғын үй құрылысы учаскелерінің, оның ішінде ЖТҚ жолдарының бойында орналасқан учаскелердің тұрғындарына, сондай-ақ заңды тұлғаларға қолданылмайды.

Қосымша ақпаратты Алматының экология және қоршаған ортаны қорғау басқармасының жасыл қорды мониторингтеу және басқару бөлімінен +7 747 181 06 47 телефоны арқылы білуге болады (жұмыс күндері — 09:00-ден 18:00-ге дейін).