Ақтөбедегі Есет батыр тұрғын алабында 26 жастағы әйел өлтірілді. Полиция күдіктіні анықтап, ұстады, қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Ақтөбе облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі нақтылағандай, ұсталған адам уақытша ұстау изоляторына қамалды.

«Алдын ала анықталғандай, қылмыс бұрынғы жұбайлар арасындағы тұрмыстық жанжал негізінде жасалған. Бұған дейін тұрмыстық жанжалдар туралы полицияға ешқандай арыз, өтініш, хабарлама түспегенін атап өткен жөн», — деді Ақтөбе облысы полиция департаментінде.

Қазір болған оқиғаның мән-жайын анықтауға бағытталған қажетті тергеу әрекеттері жүргізілуде. Тергеу мүддесі үшін өзге ақпарат жария етуге жатпайды.

Еске салайық, бірнеше күн бұрын Ақтөбедегі Неке сарайында 26 жастағы әйел өлтірілген болатын. Күдікті ұсталды. Полиция дерегінше, ол қаза тапқан әйелдің бұрынғы азаматтық жұбайы, олардың арасында мекемеде ата-ана құқығынан бас тарту мәселесіне байланысты жанжал туындаған. Әйел төрт баланы тәрбиелеп отырған. Олардың екеуі — қылмыс жасады деп күдіктелген еркекпен ортақ балалары.