Астанада автосалон қызметкерімін деп таныстырып, он адамнан 600 миллион теңгеден астам қаражат жымқырған ер адамға сот үкімі шықты, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты айыпталушы Д.-ға қатысты үкім шығарды. Ол ерекше ірі мөлшерде алаяқтық жасады деп айыпталып, оның ішінде он эпизод бойынша кінәлі деп танылды.

Сот анықтағандай, 2024 жылғы қазаннан 2025 жылғы наурызға дейін Д. автокөлік мәмілелері саласындағы тәжірибесін пайдаланып, өзін автосалон менеджерімін деп таныстырып, азаматтарға қатысты алаяқтық әрекеттер жасаған.

«Автомобильдерді тиімді бағамен сату немесе айырбастау, сондай-ақ кейін төлем жасау шартымен сатып алу сылтауымен Д. жәбірленушілердің сеніміне кіріп, сатып алушылардың бар екендігі және тиімді мәміле жасау мүмкіндігі туралы көрінеу жалған мәліметтер берді. Алданып қалған жәбірленушілер қымбат тұратын көліктерін Д. көрсеткен адамдарға мобильді банк қосымшасы арқылы қайта тіркеп берді. Көліктерді иелену мүмкіндігіне ие болған ол оларды үшінші тұлғаларға сатып, айырбастап немесе өз қарыздарын өтеуге беріп отырды», — делінген сот хабарламасында.

Сондай-ақ Д. өзіне тиесілі емес немесе қылмыстық жолмен алынған көліктер үшін төлем ретінде түскен сатып алушылардың ақшасын да жымқырғаны атап өтілді.

Нәтижесінде он жәбірленушіге жалпы сомасы 600 миллион теңгеден астам ерекше ірі мөлшерде материалдық залал келтірілді. Жаза тағайындау кезінде сот айыпталушының кәмелетке толмаған баласының болуын жеңілдететін мән-жай ретінде ескерді.

Қылмыстардың жиынтығы бойынша Д.-ға 8 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалып, оның әрекеттерінен қауіпті қайталау белгісі танылды. Жәбірленушілердің азаматтық талаптары қанағаттандырылды.