Астанада 22 жастағы BMW жүргізушісі Жұмабаев көшесінде түнгі дрифт жасап, жол жабынын бүлдірді және көлік басқару құқығы жоқ бола тұра рөлге отырды. Бұл туралы infohub.kz сайты хабарлайды.

Елорда полиция департаменті баспасөз қызметінің нақтылауынша, қызметкерлер жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзған жүргізушіні анықтап, жауапкершілікке тартты.

«22 жастағы BMW көлігінің жүргізушісі түнгі уақытта Жұмабаев көшесінде тікелей жүріс бөлігінде дрифт жасағаны, қарсы қозғалыс жолағына шыққаны және қауіпті маневрлер салдарынан жол жабынын бүлдіргені анықталды. Сонымен қатар ол көлік басқару құқығы жоқ бола тұра автокөлікті басқарған. Жүргізуші бірнеше факті бойынша жауапкершілікке тартылды: маневрлеу ережелерін бұзу, қарсы жолаққа шығу, жол жабынын бүлдіру және көлік басқару құқығынсыз автокөлікті басқару», — деп хабарлады Астана ПД баспасөз қызметі.

Жүргізушінің өзінен бөлек, автокөлік иесі де жауапкершілікке тартылды — көлікті тиісті құқығы жоқ адамға басқаруға бергені үшін.

Сот шешімімен жүргізушіге 20 тәулікке әкімшілік қамау жазасы тағайындалды. Автокөлік коммуналдық тұраққа қойылды.