Binance криптобиржасынан 6,3 миллиард доллар ұрланды. Шабуылдан кейін компания ақша салу мен шығаруды уақытша тоқтатты. Бұл жағдай Қазақстанға да қатысты, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Binance елімізде «Астана» халықаралық қаржы орталығының лицензиясымен ресми жұмыс істейді. Алдын ала деректерге сәйкес, хакерлер биржа қызметкерлерінің бірінің ноутбугін бұзып, ол арқылы ішкі жүйеге қол жеткізген болуы мүмкін. Кейін компания енудің басқа да жолдарын анықтады.

Ұрланған қаражаттың шамамен үш миллиард долларын бұғаттауға үлгерді. Қалған ақшаның ізін анықтауға тырысып жатыр. Binance барлық шығынды өз есебінен және арнайы резервтік қордан жабатынын уәде етті. Компанияның Қазақстандағы өкілдері де клиенттердің ақшасы қауіпсіз екенін растады.

«Әмияндардың жеке кілттерінің тарап кеткеніне қатысты ешқандай дәлел таппадық. Пайдаланушылардың қаражаты қауіпсіз. Оқиғаның салдарын жою жұмыстары аяқталған соң резервтерді растау туралы жаңартылған есепті де жариялаймыз. Топтар жағдайды реттеу, қылмыскерлердің жеке басын анықтау және оларды жауапкершілікке тарту үшін тәулік бойы жұмыс істеп жатыр», — деді Binance Kazakhstan өкілдері.

Сонымен қатар Қазақстанда криптовалютаға қызығушылық артып келеді. Қазір АХҚО-да цифрлық активтермен қызмет көрсететін 35 лицензияланған компания жұмыс істейді. Олардың ішінде 11 криптобиржа бар. Бірнеше жылда реттелетін нарықтағы операциялар көлемі 30 есе өсіп, еліміздегі клиенттер саны 270 мыңға жетті.

Binance бұзылған жағдайда криптовалюта құны төмендей бастады. Алайда сарапшылар қазақстандық нарыққа елеулі салдары болмайды деп есептейді.

«Осы салада, егер біздің криптобиржаны алсақ, ол аса үлкен емес, оның байқалмайтын бөлігі ғана саудаланады, жалпы крипта көлемімен салыстырсақ, сондықтан қазақстандық криптобиржаға үлкен әсері болмайды. Бірақ қазір негізінен шорт-позициялар болады, яғни нарық төмендейді. Бұл біздің қазір төмендеу жүйесінде екенімізге ғана әсер етеді, биткоин 75, мүмкін 72 мың долларға дейін түсуі ықтимал. Ақшаны ешқашан биржада ұстамаңыз, өйткені ол шын мәнінде сіздікі емес, оны суық немесе ыстық әмиянда ұстаңыз», — дейді криптовалюта жөніндегі сарапшы Христофор Эфтихисменос.

Сонымен бірге киберқауіпсіздік мамандары шабуылды Солтүстік Кореяның хакерлік тобы жасады деп күдіктенеді. Кінәлілер әзірге ресми түрде анықталған жоқ. Binance құқық қорғау органдарымен бірлесіп, ұрланған ақшаны қайтаруға тырысып жатыр. Тергеудің толық нәтижелерін компания кейінірек жариялайтынын уәде етті.