Қазақстандық кәсіпкерлер eGov Business мобильді қосымшасы арқылы өз компаниясының кредиттік және сақтандыру тарихын тексере алатын болды. Жаңа сервис кредиттік міндеттемелер, төлем тәртібі және сақтандыру шарттары туралы есептерді ұйымдарға бармай-ақ, қағаз жүзінде рәсімдеусіз тегін алуға мүмкіндік береді, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

«МКБ. Кредиттік және сақтандыру тарихының нұсқаулығы» сервисі Мемлекеттік кредиттік бюроның үш түрлі есебіне қолжетімділік береді.

Біріншісі — қысқаша кредиттік есеп. Онда компанияның қолданыстағы кредиттік міндеттемелері мен мерзімі өткен берешектері туралы негізгі мәліметтер қамтылған.

Екіншісі — кредиттік есеп. Мұнда заңды тұлғаның соңғы бес жылдағы кредиттік тарихы туралы толық ақпарат берілген. Оған қолданыстағы және жабылған кредиттер, жасалған шарттар мен төлем тәртібі туралы деректер енгізілген.

Үшіншісі — сақтандыру есебі. Онда заңды тұлғаның қолданыстағы және бұрын жасалған шарттары мен сақтандыру полислері туралы мәліметтер бар.

Функционал заңды тұлғалардың бірінші басшыларына, сондай-ақ тиісті электрондық цифрлық қолтаңбасы (ЭЦҚ) болған жағдайда «Қазынашылық» ақпараттық жүйесіне қосылған қызметкерлерге қолжетімді.

Есеп алу үшін eGov Business қосымшасында авторизациядан өтіп, «Сервистер» бөліміне кіріп, «МКБ. Кредиттік және сақтандыру тарихының нұсқаулығы» тармағын таңдау қажет. Содан кейін пайдаланушы жеке деректерін пайдалануға келісім беріп, керек құжатты таңдап, «Жүктеу» түймесін басуы керек. Қажет болса, файлды телефонға сақтап алуға болады.

«ҰАТ» АҚ басқарма төрағасы Шыңғыс Оразалимов сервистің іске қосылуы кәсіпкерлерге компанияның қаржылық профилі туралы мәліметтерді жедел алып, оларды бизнес шешімдер қабылдау кезінде пайдалануға мүмкіндік беретінін атап өтті.

Оның айтуынша, биыл жаңартылған eGov Business қосымшасында 124 мыңнан астам пайдаланушы тіркелген, ал оны ай сайын шамамен 46 мың кәсіпкер тұрақты пайдаланады.

Өз кезегінде «Мемлекеттік кредиттік бюро» АҚ басқарма төрағасы Линара Ануарбекова кредиттік және сақтандыру тарихына қолжетімділік компанияларға қолданыстағы міндеттемелерді бақылауға, төлем тәртібін қадағалауға, ақпараттың дұрыстығын тексеруге және оны қаржылық шешімдер қабылдау кезінде ескеруге мүмкіндік беретінін атап өтті.

Бұған дейін ұқсас сервис жеке тұлғаларға арналған eGov Mobile қосымшасында пайда болған. Ол 2024 жылы іске қосылды.

Мемлекеттік кредиттік бюроның дерегінше, сервис eGov Mobile-да пайда болғанға дейін сұраныс саны айына орта есеппен шамамен 96 мыңды құраған. 2026 жылы бұл көрсеткіш ай сайын 3,8 млн сұраныстан асқан. Осылайша, өтініштер саны шамамен 40 есе өскен.