Атырау облысы бойынша экология департаменті Атырау мұнай өңдеу зауытына (АМӨЗ) қатысты материалдарды сотқа жіберді. Кәсіпорынды жоспардан тыс тексеруге жергілікті тұрғындардың атмосфералық ауа сапасына қатысты көптеген шағымы негіз болды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Тексеру барысында экология мамандары ірі апаттық шығарындыларды тіркеді. Күкірт өндіретін біріктірілген қондырғыдағы (КӨБҚ) және каталитикалық крекинг қондырғысындағы (ККҚ) оқиғалар салдарынан 25 тамызда, сондай-ақ 2026 жылғы 2-7 қыркүйек аралығында зауыт факелінде 100 тоннадан астам газ жағылды. Кәсіпорында жоспардан тыс тоқтаулар мен жөндеу жұмыстары да тіркелді.
Өнеркәсіптік шығарындыларды аспаптық бақылау көміртегі тотығы, азот тотығы мен диоксиді бойынша нормативтерден асуды көрсетті. Бұзушылықтар мына нысандарда тіркелді:
бензолды бөліп алу блогы бар CCR каталитикалық риформинг қондырғысында (ароматты көмірсутектер өндірісінің құрамына кіреді);
жылу және электр энергиясын өндіруде;
жеңіл бензиндерді изомерлеу қондырғысында КУГБД-2 (титул 3211).
Инспекторлар сондай-ақ ЭЛОУ-АТ-2 және ЭЛОУ-АВТ-3 қондырғыларының жекелеген технологиялық пештері, сондай-ақ баяу кокстеу қондырғысының (БКҚ) резервуарлары үшін шығарындылардың есебі мүлде жүргізілмегенін және олардың нормативтері айқындалмағанын анықтады.
Сонымен қатар зауыт автоматтандырылған мониторинг жүйесінің жұмысына қойылатын талаптарды бұзып, қолайсыз метеорологиялық жағдайлар кезінде шығарындыларды азайту шараларын орындамаған.
АМӨЗ инвесторлар тізіліміне кіретіндіктен, әкімшілік істерді қозғау заң бойынша прокурормен келісілді – рұқсат 2026 жылғы 1 қазанда алынып, содан кейін материалдар сотқа жіберілді. Тексеру нәтижелері қылмыстық құқық бұзушылық белгілерінің бар-жоғын тексеру үшін құқық қорғау органдарына бөлек жіберілді.
Бұған дейін «Курсив» Атыраудағы ауа сапасына қатысты мәселелер аясында ҚР Үкіметі аппаратының өңірлік инспекторы Айдын Бегімбековтің Атырау мұнай өңдеу зауытына (АМӨЗ) жұмыс сапарымен келгенін жазған болатын.
Оған кәсіпорынның өндірістік нысандары мен булану алаңдары көрсетіліп, зауыттың қоршаған ортаға әсерін азайту шаралары туралы айтылды.
Сондай-ақ 2026 жылдың тамызында АМӨЗ-де тазарту құрылыстарында өрт шыққаны белгілі болды. Оқиғаға қарамастан кәсіпорын қалыпты режимде жұмысын жалғастырды.
Еске салайық, Атырау мұнай өңдеу зауыты (АМӨЗ ЖШС) 99% «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясына тиесілі және Қазақстанның үш жетекші мұнай өңдеу зауытының бірі саналады.
Ол Ұлы Отан соғысы жылдарында салынып, 1945 жылы пайдалануға берілген. АМӨЗ-дің жобалық өңдеу қуаты жылына 5,5 млн тоннаны, өңдеу тереңдігі 88,8%-ға дейінгі құрайды.
Кәсіпорын 30-дан астам (таңбалауларды ескергенде) тауарлық мұнай өнімдерін шығарады: көмірсутекті, сұйытылған, отын газдары; К4 және К5 экологиялық сыныптарындағы автомобиль және дизель отындары, реактивті қозғалтқыштарға арналған отын, вакуумдық газойль, пеш отыны, мазут, мұнай кокстары, техникалық күкірт және т.б.
Бүгінгі таңда зауыт Қазақстандағы мұнай-химия өнімдерінің – бензол мен параксилолдың жалғыз өндірушісі.


