Үкімет брифингінде Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаевтан президент жариялаған «Халық құрылысы» жобасының іске қосылуы елдегі тұрғын үй құнына қалай әсер ететіні сұралды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Министрден бұл бастама жүзеге асырыла бастағанда құрылыс салушылар бағаны одан әрі көтеріп жібермей ме деп те сұрады.

«Иә, өкінішке қарай, бізде барлық құрылыс салушы адал емес. Мемлекеттің міндеті — құрылыс салушылардың қалағанын істеуіне жол бермеу үшін шараларды қатаңдату, яғни олар нақты шеңберде жұмыс істеп, барлық талапты сақтайтындай шектеу қою», — деді министр.

Құрылыс бағаны өршітіп жібермей ме деген сұраққа ол елдегі тұрғын үй құрылысының ауқымын атап өтті. «Иә, біз шынымен де көп құрылыс салып жатырмыз. 24 млн шаршы метр тұрғын үй — биылғы жоспар осы. Бұл — өсім, жыл сайын өсім. Мұндай бұрын-соңды болмаған. Бізде тұрғын үй құрылысы қарқынды жүріп жатыр», — деді Ерсайын Нағаспаев.

Оның айтуынша, мемлекеттік әлеуметтік тұрғын үйдің құнын мемлекет пен министрлік реттеп отырады. «Мен орташа мәнді алып отырмын, өйткені әр облыста ол (баға — ред. еск.) сәл өзгеше — шаршы метріне 335 мың теңге — мұны біз бақылауда ұстаймыз, бұл жерде бағаның өршуіне жол бермейміз», — деп атап өтті ол.

Сонымен қатар министр жеке бизнеске мемлекет шаршы метрге қандай баға қоюға құқылы екенін нұсқай алмайтынын қосты.

Ол «Ұмай» тұрғын үй бағдарламасы басталғанда «Отбасы банкте» туындаған кезекке де пікір білдірді. «Бізде «Отбасы банктің» бағдарламалары көп. Солардың бірі — 31 тамызда да, 3 қарашада да көрдік, бұл бағдарламаға бөлінген сома жеткіліксіз болды, ал қалаушылар көп», — деді ол.

««Отбасы банкте» ресми түрде 870 мың адам кезекте тұр. Өкінішке қарай, біз ондай көлемде құрылыс салмаймыз. (...) Бізге тұрғын үй сатып алу үшін арзандатылған кредиттер қажет. Екінші мәселе — серіктес банк неге барлық ақшаны бірден бере алмайды. Мәселе ақшаның таусылуынан туындады — өтінімдер қабылданып, өңделді, жүйеде қандай да бір ақау болды, ол сонша өтінімді бір мезетте қабылдай алмады. Бірақ транш сомалары жеткіліксіз бөлініп отыр, ол біртіндеп ұлғаяды. Сондықтан мен мұндай кезек болмайды деп үміттенемін. Бірақ мұндай бағдарламалар қажет, ол міндетті», — деп қосты Ерсайын Нағаспаев.