Қазақстан құрамасы Жапонияның Айчи префектурасы мен Нагоя қаласында өткен V Азия Пара ойындарында өнер көрсетіп, барлығы 50 медаль жеңіп алды: 12 алтын, 16 күміс және 22 қола. Командалық есепте қазақстандық құрама тоғызыншы орынды иеленді, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Жарысқа Қазақстан атынан 12 спорт түрінен 150 спортшы қатысты.
Ең көп медальді қазақстандықтар пара дзюдодан жеңіп алды – 13 медаль (5 алтын, 1 күміс және 7 қола). Осы спорт түрінің командалық есебінде Қазақстан құрамасы бірінші орынды иеленді.
Пара жүзуде спортшылар 10 медаль, пара велоспортта – 9, пара пауэрлифтингте – 6, пара жеңіл атлетика мен пара үстел теннисінде – 4-тен, пара садақ атудан – 2 медаль алды. Тағы бір медальдан Қазақстан пара оқ ату және отырып ойнайтын волейболдан жеңіп алды.
Басты жетістіктердің қатарында пара велоспорттан Наиль Ермухамбет пен Анастасия Калаустың екі алтыны, сондай-ақ Давид Дегтярёвтің пара пауэрлифтингтен Азия Пара ойындарының рекордымен жеңісі бар. Жарыс рекордын оқ атушы Еркін Ғаббасов та орнатты.
Сонымен қатар, қазақстандық спортшылар тарихта алғаш рет Азия Пара ойындарының пара үстел теннисі мен пара садақ атудан медальдарын жеңіп алды.
Ханчжоудағы өткен ойындармен салыстырғанда Қазақстан құрамасы нәтижесін тоғыз медальге жақсартып, оның ішінде төрт алтын медальді артық алды.


