Қазақстан авиаотын инфрақұрылымын жаңғыртуға халықаралық инвестор тартып отыр: «ҚазМұнайГаз», испандық Exolum Aviation және «ҚазМұнайГаз-Аэро» ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды. Құжат отын құю кешендерін салуды, сақтау базаларын жаңартуды және халықаралық стандарттарды енгізуді көздейді, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Үшжақты құжатқа ҚМГ басқарма төрағасы Асхат Хасеновтің Exolum компаниясының авиация бағыты жөніндегі вице-президенті Иван Муиньомен кездесуінде қол қойылды. Қазақстан Exolum нарығына кіретін еуразиялық аймақтағы алғашқы ел болды.

Компания Еуропа мен Американың 10 елінде жұмыс істейді, жалпы ұзындығы шамамен 6 мың км болатын 68 терминал мен құбырды басқарады. Оның авиациялық бөлімшесі 50 әуежайдың отын инфрақұрылымына қызмет көрсетеді. Енді компанияның халықаралық тәжірибесін қазақстандық нарықты дамытуға пайдалану жоспарланып отыр.

Ынтымақтастық мемлекет басшысының тапсырмаларына сәйкес экономиканың көлік-логистика секторын дамыту және Қазақстанның Орталық Азиядағы жетекші авиахаб ретіндегі рөлін нығайту жөніндегі жүйелі шаралар аясында жүзеге асырылуда.

Тараптар жаңа отын құю кешендерін (ОҚК) және авиаотынды сақтайтын мамандандырылған базаларды салуды, сондай-ақ қолданыстағы нысандарды жаңғыртуды қарастырып отыр. Инфрақұрылымды Jet A-1 халықаралық стандартындағы отынмен жұмыс істеуге бейімдеп, Біріккен инспекциялық топтың (JIG) талаптарын сақтау көзделіп отыр. Заманауи отын инфрақұрылымы сапа, қауіпсіздік және пайдалану стандарттарын қамтамасыз етуі тиіс. Бұл — халықаралық авиакомпанияларға қызмет көрсетудің және транзиттік бағыттарды дамытудың маңызды құрамдас бөлігі.

ОҚК-ны жаңғырту Қазақстанның Еуропа мен Азия арасындағы авиациялық логистикадағы ұстанымын нығайтудың бір шартына айналады.

Серіктестік аясында тараптар міндеттерді бөлісті: ҚМГ жергілікті нарық бойынша сараптаманы және авиация саласындағы қатысушылармен өзара іс-қимылды қамтамасыз етеді, ал Exolum отын нысандарын басқаруда халықаралық технологиялар мен құзыреттерді әкеледі.

Технологияларды беруге және қазақстандық мамандарды оқытуға ерекше назар аударылды. Асхат Хасеновтің айтуынша, ынтымақтастық саланың технологиялық жаңаруын жеделдетіп, Қазақстан арқылы халықаралық әуе тасымалының одан әрі өсуіне жағдай жасауы керек.

Келесі қадам — экономикалық талдау. Оның қорытындысы бойынша тараптар нақты жобаларды, инвестиция көлемін, міндеттемелердің бөлінісін және іске асыру кезеңдерін айқындайды.