Көкшетауда 1991 жылы туған ер адам таксиге ақшасы болмағандықтан, көлікті мас күйде басқаруға бел буды. Бұл туралы infohub.kz сайты хабарлайды.

Ақмола облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі мәлім еткендей, оқиға 28 қазанда шамамен сағат 03:20-да болған. Toyota Mark II көлігінің жүргізушісі Көкшетаудағы Әуелбеков көшесіндегі «Еуразия» ойын-сауық кешенінің тұрағында тұрған кезде жедел басқару орталығының бейнебақылау камераларына түсіп қалған.

Жазбада ер адамның көлік жанында алкогольдік ішімдік ішіп, кейін рөлге отырып, жүріп кеткені көрінген.

Жедел басқару орталығы қызметкерлерінің жедел әрекетінің арқасында ақпарат бірден патрульдік полиция батальонының нарядына жеткізілді. Полицейлердің үйлесімді әрекетінің нәтижесінде көлік Әуелбеков және Біржан сал көшелерінің қиылысында тоқтатылды.

Тексеру барысында жүргізуші медициналық куәландыруға жіберілді, оның қорытындысы бойынша алкогольдік масаң күйі расталды.

Ер адамның өзі таксиге ақшасы болмағандықтан, көлікті өзі басқаруға шешім қабылдағанын түсіндірді.

Көлік арнайы тұраққа қойылды. Жүргізушіге қатысты Қазақстан Республикасының әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 608-бабының 1-бөлігі бойынша әкімшілік хаттама толтырылды.

Сот шешімімен ер адам 15 тәулікке әкімшілік қамауға алынып, 7 жылға көлік құралдарын басқару құқығынан айырылды.