Павлодар облысы денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ермек Күшіков тіс емдегеннен кейін комаға түскен үш жасар қыздың жағдайы туралы айтып берді, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Instagram парақшасында баланың 21 қазанда стоматологияға баруының мән-жайын жариялады. Оның айтуынша, бұл тіс дәрігеріне үшінші баруы болған. «Емшара кезінде ешқандай инъекция жасалған жоқ, ауырсынуды басатын дәрі қолданылмады. Жағдайы нашарлаған соң жедел медициналық көмек бригадасы шақырылды. Келген шокқа қарсы бригада баланы облыстық балалар ауруханасына жеткізді. Қазіргі таңда баланың жағдайы өте ауыр, ол комада, өкпені жасанды желдету аппаратында жатыр. Астанадағы орталықтармен күн сайын консилиум өткізіліп жатыр, Алматы қаласынан бас штаттан тыс балалар анестезиологы-реаниматологы келіп, бетпе-бет кеңес беруге шақырылды, ол қазір Павлодарда», — деді Ермек Күшіков.
Ол дәрігерлер консилиумы баланың жағдайын бағалау және емдеуді талқылау үшін күн сайын өткізілетінін қосты. «Ата-анасымен күн сайын әңгімелесу жүргізіледі. Анасы ауруханада үнемі жанында. Мен өзім күн сайын баланы барып көремін. Барлық ақпарат қыздың заңды өкілдеріне, яғни анасы мен әкесіне толық жеткізіледі», — деп сендірді басқарма басшысы.
Ермек Күшіков Денсаулық сақтау министрлігінің тапсырмасы бойынша медициналық бақылау департаменті пациенттің жүріп өткен жолы бойынша жоспардан тыс тексеруге кіріскенін нақтылады. «Сонымен қатар денсаулық сақтау басқармасы қызметтік тергеу жүргізіп жатыр. Құқық қорғау органдары стоматологиядағы барлық бейнежазбаны алып қойды. Медицина қызметкерлерінің әрекетіне немесе әрекетсіздігіне құқықтық баға беріледі», — деп сендірді спикер.
Бұған дейін әлеуметтік желілерде Павлодардағы тіс дәрігерінің кабинетінде үш жасар қыздың жағдайы нашарлағаны туралы ақпарат тараған. Бала ауруханаға жатқызылды. Жағдайды облыстық денсаулық сақтау басқармасы түсіндірді. Оқиғадан кейін Денсаулық сақтау министрлігі жоспардан тыс тексеру жүргізілетінін мәлімдеді.


