Петропавлда колледж жатақханасының медицина қызметкері әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Себебі бір мезгілде 14 студенттен теміреткі (стригущий лишай) анықталған, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Ауырғандардың барлығы жатақхананың бір қабатында тұрған, тығыз тұрмыстық байланыста болған және шамамен бір уақытта тәндеріне тән қызыл дақтар шыққан.

Анықталғандай, инфекция көзі — науқас жануармен байланыста болған бір студент. Аурудың таралуы медицина қызметкерінің ауылдан келген балаларды уақтылы тексермеуімен байланыстырылады.

Мамандар атап өтті: теміреткі өте жұқпалы болғанымен, дәрігерге уақтылы қаралса, оңай емделеді.

«Медициналық тексерулерді уақтылы өткізбегені үшін колледж жатақханасының медицина қызметкері айыппұл төледі. 43 250 теңге көлемінде әкімшілік жаза қолданылды», — деді қалалық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы бөлімінің жетекшісі Анара Кургунбаева.

Еске салайық, колледж студенттері арасында теміреткінің шығуы туралы осы жылдың қыркүйегінде белгілі болған.