Ресей Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына (ҰҚКҰ) Арменияға қатысты жарғының бір бабын қолдану мәселесін қарастыруды ұсынды. Бұған Ереванның ұйым бюджеті алдындағы жинақталған қарызы себеп болды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

ҰҚКҰ Бас хатшысы Таалатбек Масадықов журналистерге мәлімдегендей, ұйымның Ұжымдық қауіпсіздік кеңесі Арменияға қатысты Жарғының 25-бабын қолдану мәселесін қарастыруы мүмкін. Бұл норма бойынша, егер мүше мемлекеттер ұйым бюджеті алдындағы қарызын екі жыл бойы өтемейтін болса, Кеңес осы мемлекет азаматтарының ұйым аясындағы квоталық лауазымдарға ұсынылу құқығын тоқтатуға, сондай-ақ қарыз толық өтелгенге дейін ұйым органдарындағы дауыс беру құқығынан айыруға шешім қабылдайды.

Бұған дейін Армения Сыртқы істер министрлігінің басшысы Арарат Мирзоян Ереванның ҰҚКҰ-ға қайта оралу мүмкіндігін көрмейтінін мәлімдеген еді.

Одан бұрын Армения премьер-министрі Никол Пашинян елдің ҰҚКҰ-дан шығарылуынан қорықпайтынын атап өтті. Ереван өз ұстанымын армян ертегісіндегі Кикос туралы сюжетпен түсіндірді.

Сонымен қатар Никол Пашинян жақын арада Арменияның Еуропалық одаққа мүшелікке өтініш беру процесімен айналысатынын хабарлады. Кейінірек армян үкіметінің басшысы елдің ҰҚКҰ-дан шығарылуы мүмкін екенін және бұл жағдайда Ереванға ұйымнан шығу туралы мәселені өз бетінше шешуге тура келмейтінін айтты.