АҚШ Мемлекеттік хатшысы Марко Рубио Украинаның Солтүстік Атлантикалық альянсқа кіруі мәселесі қазір қарастырылмайтынын, ал Вашингтон қақтығысты аяқтауға баса назар аударып отырғанын мәлімдеді, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

NUR.KZ агенттігі РИА Новостиге сілтеме жасап хабарлағандай, Америка дипломатиясының басшысы бұл мәлімдемені Исландияға сапары барысында журналистердің Украинаны НАТО құрамына қосу перспективалары туралы сұрағына жауап беру кезінде жасады.

«Қазіргі таңда Украинаның НАТО-ға мүшелігі мәселесі, өздеріңіз білетіндей, күн тәртібінде тұрған жоқ», — деді АҚШ Мемлекеттік хатшысы.

Ол АҚШ-тың қазіргі уақытта Украинадағы қақтығысты аяқтауға қол жеткізуге баса назар аударып отырғанын қосты. Сонымен қатар Рубио жағдайдың қажетті бағытта дамымай жатқанын айтты.

«Әрине, біз ондағы оқиғалардың дамуын қадағалап отырмыз және қозғалыстың дұрыс бағытта емес екенін көріп отырмыз», — деді Марко Рубио.

Еске салайық, 2022 жылы Владимир Зеленский Украинаның НАТО-ға жедел тәртіппен кіруге өтінім беретінін мәлімдеген болатын.

Ал жақында Украина армиясының бұрынғы бас қолбасшысы, қазіргі Ұлыбританиядағы елшісі Валерий Залужный Украина НАТО-ға ешқашан кірмейтінін айтты.