Суық түсуіне байланысты Қазақстанның Төтенше жағдайлар министрлігі жүргізушілерге бірқатар кеңес берді, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Ведомство сайтында ескертілгендей, Қазақстанда қар жауып, көктайғақ болатын, бұрқасын соғып, көріну қашықтығы күрт нашарлайтын кезең басталуда — мұның бәрі жолдағы жағдайды айтарлықтай қиындатуы мүмкін.

«Жолға шығар алдында ауа райы болжамымен және жол жағдайымен танысқан жөн. Дауылды ескерту жарияланып, қозғалысқа шектеу енгізілген кезде сапарды кейінге қалдырып, қауіпсіз жерде болған дұрыс. Сондай-ақ жолдардың жабылуы мен шектеулер енгізілуі туралы ресми дереккөздердің хабарламаларын қадағалау қажет. Белгіленген жоспарды орындау үшін өмірді тәуекелге тігуге болмайды», — деп атап өтті ТЖМ-де.

Ауа райы жолға шығуға мүмкіндік берсе, қазақстандықтарға көліктің техникалық жағдайын тексеруге кеңес беріледі. Сапар алдында жақын адамдарға маршрут пен келу уақытын хабарлау керек. Мүмкіндігінше көлікке жанармай құйып алған жөн, әсіресе алыс жолға шыққанда.

«Қыс мезгілінде көлікте күтпеген жағдайға арналған қажетті заттар мен жабдық қоры болғаны маңызды. Жүксалғышта мыналарды ұстауға кеңес беріледі: жанармай қоры, қосалқы батареялары бар қолшам, сүйреу арқаны, алғашқы көмек қобдишасы, телефонға арналған қуаттағыш немесе пауэрбанк, жылы киім, ауыз су мен азық-түлік, шағын күрек», — деп қосты құтқарушылар.

ТЖМ жолда төтенше жағдай туындаған кезде не істеу керегін еске салады: мүмкіндігінше қауіпсіз жерде тоқтап, апаттық дабылды қосып, көлікті жол жүрісі ережелеріне сәйкес белгілеу қажет. Көлікті қажетсіз жерде қалдыруға болмайды. Болған жағдай туралы 112 нөмірі арқылы жедел қызметтерге хабарлау керек.

Құтқарушылар жүргізушілерді көлікті қысқа дайындауға жауапкершілікпен қарауға, ауа райы жағдайын ескеруге және өзін де, жол қозғалысының басқа да қатысушыларын да қауіпке төндірмеуге шақырады.