Жамбыл облысында Facebook әлеуметтік желісіндегі жазбалар сот талқылауына себеп болып, іс медиативтік келісіммен аяқталды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Жамбыл облысы соттарының ресми Telegram-арнасында мәлім болғандай, Жамбыл аудандық соты аудан әкімдігінің сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімі мен жергілікті тұрғын арасындағы дауды медиация тәртібімен реттеу туралы келісімді бекітті.
Сотқа жүгінуге жауапкердің 2026 жылдың шілдесінде Facebook-те жариялаған жазбалары себеп болды. Талап қоюшының тұжырымынша, оларда мемлекеттік қызметтердің көрсетілу сапасы күмән тудырған, бөлімнің қызметі «жеке дүкенге» айналған деп сипатталған, сондай-ақ мекеме қызметкерлері азаматтардың мәселелерін шешуіне заңсыз кедергі келтіретіндей әсер қалдырған.
Атап айтқанда, жариялау кезінде мемлекеттік қызмет көрсетуге берілген өтінішті қарауға заңмен белгіленген мерзім әлі аяқталмаған еді. Соған қарамастан әлеуметтік желілерде мерзімнің бұзылғаны және азаматтарға негізсіз кедергі жасалғаны туралы мәлімдемелер пайда болды.
Талап қоюшы бұл мәліметтер шындыққа сай келмейтінін және азаматтардың мемлекеттік органға деген сенімін әлсіретіп, оның іскерлік беделіне нұқсан келтіруі мүмкін екенін көрсетті.
Талап қоюшы соттан мәліметтерді шындыққа сай емес деп тануды, жауапкерді жазбаларды жоюға, теріске шығаруды жариялауға міндеттеуді және моральдық зиянның өтемақысын өндіруді талап етті.
Соттың татуластыру рәсімдерін қолдануы нәтижесінде тараптар өзара түсіністікке келіп, медиативтік келісім жасады.
Оның шарттарына сәйкес жауапкер өзінің Facebook парақшасында теріске шығаруды жариялап, бөлімнен кешірім сұрауға міндеттенді. Сондай-ақ ол бұдан былай расталмаған ақпарат таратпауға және мәліметтерді жарияламас бұрын олардың дұрыстығын тексеруге міндеттелді. Өз кезегінде талап қоюшы қойған талаптарынан бас тартты.
Келісім сотпен бекітіліп, іс бойынша іс жүргізу тоқтатылды. Ұйғарым заңды күшіне енді.


