Германияның Шведт қаласындағы мұнай өңдеу зауытына бұрын Қазақстаннан шикізат жеткізілетін еді, енді Оңтүстік Америкадан балама жеткізілімге көшті, деп хабарлайды infohub.kz.
Польшаның UNIMOT Paliwa компаниясы шілде айында алғаш рет Гданьсктан Шведтке Оңтүстік Америкадан мұнай партиясын жібергенін мәлімдеді. Қай ел екені нақтыланбады. Бұл жеткізілім Ресейдің шектеулеріне байланысты Германияға енді келмейтін қазақ шикізатын алмастыруға арналған.
«Осы жылдың мамыр айында «Дружба» құбыры арқылы қазақ шикізатын жеткізу тоқтатылғаннан кейін Шведттегі мұнай өңдеу зауыты UNIMOT тобының қолдауымен Оңтүстік Америкадан қосымша мұнай партиясын жіберу туралы келісімге келді. Бұл жеткізілім Шығыс Германия мен Батыс Польшаның отын қауіпсіздігін айтарлықтай нығайтады», – делінген компания мәлімдемесінде.
Польша жеткізушісінің айтуынша, Берлин мен Бранденбургтегі көліктердің 90 пайызы Шведт зауытының отынымен жүреді, ал Польша жыл сайын зауыттан шамамен екі миллион тонна мұнай өнімдерін алады.
Ресей 1 мамырдан бастап қазақ мұнайының өз аумағы арқылы Шведт зауытына транзитін тоқтатты. Тарихи тұрғыдан зауыт ресейлік шикізатты өңдеуге бейімделген еді, бірақ Ресейдің Украинаға басып кіруінен кейін кәсіпорын Германия билігінің сенімгерлік басқаруына беріліп, оған негізгі шикізат көзі Қазақстан мұнайы болды. Ресей тарапынан транзиттің тоқтатылуы техникалық ақаулар мен «Дружба» инфрақұрылымына ұшқышсыз ұшу аппараттарының шабуылдарымен байланыстырылды, бірақ кейбір сарапшылар мұны Кремльдің саяси ойынының бір бөлігі деп санады.
Транзит тоқтатылар алдында Қазақстан Шведт зауытына 290 мың тонна мұнай жіберіп үлгерді. Жалпы, 2026 жылдың төрт айында Қазақстаннан Германияға жеткізілім көлемі екі есеге жуық өсті.


