Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Халық кеңесі Хатшылығының жетекшісі – төрағаның орынбасары Қанатбек Жайсанбаевты қабылдап, Кеңестің алғашқы сессиясына дайындықты жоғары деңгейде ұйымдастыруды тапсырды, деп хабарлайды infohub.kz.
Ақорданың хабарлауынша, Қанатбек Жайсанбаев Президентке Қазақстан Халық кеңесі мен оның Хатшылығын құру жұмысы туралы баяндады. Оның айтуынша, Хатшылық Қазақстан Халық кеңесінің қызметін ұйымдастыру, құқықтық, материалдық-техникалық, қаржылық және ақпараттық-талдау аспектілері бойынша қамтамасыз етеді.
Кездесу барысында Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Халық кеңесі Әділетті Қазақстанның іргетасын нығайтуға ықпал ететін бірегей диалог алаңы екенін атап өтті. Президент Хатшылық жетекшісіне Қазақстан Халық кеңесінің мемлекеттік органдармен, ұйымдармен, азаматтық қоғам институттарымен және халықаралық ұйымдармен өзара іс-қимылын тиімді үйлестіруді тапсырды. Сонымен қатар, мемлекет басшысы Қазақстан Халық кеңесінің алғашқы сессиясына дайындық жұмыстарын тиісті деңгейде жүргізудің маңыздылығын ерекше атап өтті.


