Сәуір айында Стамбұлда Қазақстан азаматы Исмаилов атылды. Бұл қастандық Қазақстан, Түркия және Грузия құқық қорғау органдары жүргізген ауқымды халықаралық операцияның бастамасы болды, деп хабарлайды infohub.kz.

Үш елдің өзара іс-қимылының арқасында қылмыс тез арада ашылды. Күдікті екі орындаушы ұсталды. Тергеу қылмыстың себебін, сондай-ақ ұйымдастырушы мен тапсырыс берушіні анықтады. ІІМ дерегінше, олар трансұлттық қылмыстық ортаның өкілдері және халықаралық іздеуде жүр.

Тергеу барысында алынған ақпарат ҰҚК-мен бірлесіп, Қазақстан аумағында осы топтың басқа да ауыр қылмыстарын ашуға мүмкіндік берді. Топты АҚШ-та журналисті өлтірмек болғаны үшін сотталған қылмыстық бедел басқарған. Алматыда полиция қызметкерлері топтың күдікті бір кіллерін ұстады. Тергеу нұсқасы бойынша, ол 2025 жылдың тамызында қала тұрғынына қастандық жасауға қатысы бар. Қару – тапанша – тәркіленді. Тергеу аяқталып, қылмыстық іс сотқа жолданды.

ІІМ Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаментінің өкілі Қуандық Алпыстың айтуынша, ұстаулар Қазақстан, Түркия және Грузия аумағында кезең-кезеңмен жүргізілді. «ІІМ Грузия және Түркия әріптестерімен бірлесіп, үш мемлекет аумағында трансұлттық ұйымдасқан қылмыстық топ мүшелерін ұстау бойынша кезең-кезеңмен арнайы операция жүргізді. Алматы қаласында аталған қылмыстық құрылымның мүшелерінен құралған бір топ адам ұсталды, оларға қару қолданылған бірнеше шабуыл фактілеріне қатыстылық тағылады», – деді ол.

Тергеу нұсқасы бойынша, қылмыстық топтың мақсаты – қылмыстық идеология элементтерін пайдалана отырып, диаспоралық қауымдастықтардың жекелеген өкілдерінің бизнесіне қылмыстық ықпал ету болған. Сонымен қатар, Грузияда ІІМ дерегінше трансұлттық қылмыстық құрылымдармен байланысты және бірқатар ауыр қылмыстарға қатысы бар күдіктілер ұсталды. ІІМ барлық анықталған эпизодтар бойынша дәлелдемелер жинауды жалғастырып, қылмыстық топтың басқа да мүшелерін анықтауда. Сондай-ақ ұйымдастырушыны жауапкершілікке тарту бойынша жұмыс жүргізілуде.