2026 жылғы жаз мезгілінде ауаның орташа температурасы климаттық нормадан 2,15 градусқа асып, бұл жаз Қазақстандағы бақылау тарихындағы ең ыстық жаз болып тіркелді, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
NUR.KZ агенттігінің «Қазгидромет» РМК-ға сілтеме жасап хабарлауынша, ауа температурасының оң ауытқулары ел аумағының басым бөлігінде байқалған. Жауын-шашын мөлшері климаттық нормадан 7,12 мм-ге кем түскен.
Температураның ең үлкен оң ауытқулары Ақмола және Қарағанды облыстарының шығысында, Павлодар облысында, сондай-ақ Шығыс Қазақстан облысы мен Абай облысының басым бөлігінде тіркелген.
«Климаттық нормадан ең жоғары оң ауытқу +4 градусты құрап, Қарағанды облысындағы Бес-Оба метеостанциясында тіркелді», — делінген синоптиктер хабарламасында.
Сонымен қатар «Қазгидромет» деректеріне сәйкес, 2026 жылғы жаз Қазақстан аумағында жауын-шашынның біркелкі таралмауымен ерекшеленген.
Бұған дейін Қазақстандағы шілде айындағы ыстық бірнеше қалада температура максимумдарын жаңартқаны хабарланған. Атап айтқанда, Шымкентте 111 жыл бойы сақталған рекорд жаңарды: бір ғасыр ішінде алғаш рет термометр бағаны 45 градустан жоғары көтерілді. Жоғары температура Түркістан мен Алматыда да тіркелді.
Оған дейін Астана тұрғындары соңғы 34 жылдағы ең ыстық күндердің бірін бастан өткергені, ал 2026 жылғы 23 маусым соңғы 85 жылдағы ең ыстық күн болғаны атап өтілген — сол күні ауаның ең жоғары температурасы 36,8 градусқа жеткен.
Сарапшылардың пікірінше, мұндай ауа райы болашақта қалыпты жағдайға айналуы мүмкін.


