ҰБТ-дан 50 балл жинау ІІМ жоғары оқу орындарына түсу үшін тек конкурсқа қатысуға мүмкіндік береді, бірақ оқуға қабылдануға кепілдік бермейді. Талапкерлер іріктеудің қосымша кезеңдерінен өтуі тиіс, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Polisia.kz-те түсіндіргендей, ҰБТ нәтижесі бойынша 50 балл ІІМ жоғары оқу орындарына түсу конкурсына қатысу үшін ең төменгі шекті көрсеткіш болып табылады. Алайда оқуға қабылдану үшін бұл нәтиженің өзі жеткіліксіз.
«ҚР ІІМ жаңалықтары» Telegram-арнасында кандидаттар бірден бірнеше бағыт бойынша бағаланатыны хабарланды.
«ІІМ оқу орындарына түсу конкурстық негізде жүзеге асырылады. Бұл ретте ҰБТ нәтижелерімен қатар медициналық, физиологиялық және психофизиологиялық іріктеу нәтижелері де ескеріледі», — делінген полиция хабарламасында.
Осыдан кейін талапкер барлық қарастырылған кезеңдерден өтуі қажет. Түпкілікті шешім конкурс нәтижелері мен жиналған балл санына байланысты.
«Осылайша, ІІМ оқу орнына түскісі келетін талапкер үшін мақсат тек 50 балл жинау ғана емес, сонымен қатар ҰБТ-да мүмкіндігінше жоғары нәтиже көрсету және белгіленген іріктеу талаптарына сәйкес келу болып табылады», — деп қорытындылады ІІМ.


