Австралияның Квинсленд штатындағы Рокхэмптон қаласының маңындағы Фитцрой өзені 2032 жылғы Брисбен Олимпиада және Паралимпиада ойындарының есу мен каноэ жарыстары өтетін алаң ретінде бекітілді. Бұл өзенде шамамен 500 тұзды қолтырауын мекендейді, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Фитцрой өзеніндегі жарыс трассасы тәуелсіз техникалық сараптамадан сәтті өтті. Сараптама барысында қолтырауындар емес, трассаның әртүрлі ауа райы жағдайында, су деңгейі мен тасқын қаупі кезінде Ойындар уақытында және оған дайындық кезеңінде қалай жұмыс істейтіні зерттелді.

Есепті Ойындардың тәуелсіз инфрақұрылым және үйлестіру басқармасы (GIICA) тапсырды. Басқарма Фитцрой өзенінің жазық су нысаны бұрыннан мектеп чемпионаттарын, жергілікті регаталар мен ұлттық командалардың оқу-жаттығу жиындарын өткізуге арналған алаң екенін атап өтті.

Дүниежүзілік есу федерациясы мен Paddle Worldwide (бұрынғы Халықаралық каноэ федерациясы) трассаны мақұлдады. Дүниежүзілік есу федерациясының президенті Жан-Кристоф Роллан: «Жүргізілген кең көлемді талдауларға сүйене отырып, Фитцрой өзені Ойындар кезеңінде Олимпиада және Паралимпиада есу талаптарына сай әділ жарыс жағдайын қамтамасыз ете алатынын білдік», — деді.

Paddle Worldwide президенті Томас Кониетцко: «Жүргізілген техникалық жұмыстың сапасы мен тереңдігі жарыс алаңы туралы түсінігімізді айтарлықтай жақсартып, спортшыларға каноэ спринті бойынша әділ бәсекелестік қамтамасыз етілетініне сенім ұялатты», — деп мәлімдеді.

Брисбен-2032 президенті Эндрю Ливерис былтыр қолтырауындар мәселесін жеңілдетіп тастаған болатын. «Мұхитта да акулалар бар, біз бәрібір серфинг жасаймыз... бұл — істеуге болатын іс, істей алмайтын іс емес, өтінемін, ойларыңызды өзгертіңіз», — деген еді ол сол кезде.

Бейсенбіде алаңның ресми түрде бекітілгені туралы сөйлеген ол: «Бұл мақұлдау алаңды жоспарлау мен Ойындарды өткізудің келесі кезеңіне өту барысында қосымша сенімділік береді және болашақтағы барлық жобалау мен операциялық жұмыстардың тек Рокхэмптонға бағытталуын қамтамасыз етеді», — деді.

Жергілікті жұрт «Салти» деп атайтын тұзды қолтырауындар тұщы және тұзды суларда да тіршілік етеді, ұзындығы алты метрден асуы мүмкін.