Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 1 ай бұрын)
Абылайдың қырғыз, өзбекке жорығы (ІІ нұсқа)

Абылай хан заманында қырғыз Садырбала деген шығып, ақ қалпақты қырғызды аузына түгел қаратып тұрған күнінде мақтанып сөйлеген екен:

— Әлібек шолақты алдым, Қазы Мәмбекті алдым, Көкжал Барақты, жалғыз көзді Қарақты алдым. Қазақты жылында жеті шаптым. Арқада Абылай деген кәрі сарт бар дейді. Ол маған не қылады дейсің? — деген екен.

Сол сөзін Абылай хан естіп, қосын қылып аттанып, сонда қырғызда Әйтеке жырық деген атақты зор кісі бар екен, алты баласы бар екен. Сол жолы солар қырғын тауып, Абылай хан мен Садырбала ақырында бітім қылып, жарасып, қос басына бір үй қырғыздан «ақ үйлі» беріпті.
«Сәру қырғыз» деген бір тайпа елін түгелімен берсе керек. осы күнде Ақмола облысында, Семей облысында кірме болып жүрген қырғыздар бар. Абылай заманында қазаққа олжа түскен қырғызларының тұқымы. Көшпелі қазаққа хан болып тұрғанында Түркістан, Тәшкен ханларына зекетші (зікуатшы) жіберіп, жинатып алдырып тұрыпты.

Шүршітпенен елдесіп, баласының ең үлкені Әділ төрені «сол жақтағы қазақ, қалмаққа ие болып, төрелік қыл!» — деп солай жіберіп, осы күнге шейін оның үрім-бұтағы сол жақта өсіп-өніп кетті.

* * *

Абылай хан өзіне-өзі әбден емін-еркін келген соң: «ата-жұртым еді. Бұхараны аламын» деп, үш жүздің баласы қазақтың «сен тұр, мен атайын» деген батырларын жиып, аттанды. Мұнан барғаннан әуелі Түркістан барып, оған өзінің бел баласы Сыдық сұлтанды ие қылды. Шымкент, Сайрам барып, оған Ғабдолрахман деген сартты қойды. Ташкен барып, оған Мырзахмет деген сартты қойды. Ташкенді кеше орыс алар уақытысында бір Мырзахмет деген тағы біраз биледі. Бұл Мырзахмет қартайып, алжып өлсе, жаңада өлді. Абылайдың қойған Мырзахмет дегені мұнан көп бұрын өткен кісі. онан Созақ үстіне барып тонап жатқанда, Қоңырат елінде бір байдың келіні ұл тауып, атын «Абылай» қойған екен. Бұл Абылай да өсіп-өніп бір тайпа ел болыпты.

Абылай хан онан өтіп, Самарқан шаһарының бет алдына, Жұпар қорығына барып түсті. Сол түні қасындағы қариясына:

— Бүгін сәуе көр! — депті.

— Мен де қарап жатпайын, жұрт билеген хансың ғой, өзің де көр, — депті. Ертең таң атқан соң қария мен хан басын қосып отырып, көргендерін айтысыпты. Әуелі хан айтыпты:

— Бүгін түнде түсімде бір жолбарыс шатырымның алдына келіп шөкті, басын бір көтермеді, төмен салды да жатты. «Бұ не қылғаны?» деп қарап едім, әлгі жолбарыс дегенім аю болды. «Жаңа жолбарыс еді ғой, қалайша аю болып қалды?» деп қарап едім, қасқыр болды. Онымен тұрмады, түлкі болды. Онымен тұрмады, қоян ба, қарсақ па, сол сықылды болған... оқыста оянып кеттім, — дейді.

Онда қария айтты: — Мен көргенімді айтсам, Бұхарадағы тамам әулие Самарқан дарбазасының (даруазасының) түбіне келіп шөкті. Ол «Самарқанды саған алғызбаймын» деп келгені. Өзің көрген жолбарыс — өзіңнің бақ-талайың. Бақ- талайыңның жетіп жығылған жері осы болғаны. Енді мұнан былай бақ-талайың көтерілмейді. «Баяғыдан бері Абылай жүріп-жүріп сарттан өліпті» деген атқа ұшырамай, ұрыспай, соғыспай, осы жерден тып-тыныш қайта ғой! Қарасаң, аю болғаны — сенен соңғы баланың заманы. «Аю заманы» деген заман болады. Аюша алысып өтеді. Онан қарасаң, қасқыр болғаны — немерең заманы, «қасқыр заманы» деген заман болады. Қасқырша жұлысып өтеді. Онан қарасаң, түлкі болғаны — шөберең заманы, «түлкі заманы» деген заман болады. Түлкіше жортып жүріп жан сақтайды. Онан қарасаң, қоян болғаны — онан соңғы заман, қоянша қаркебек қылып, қорғалап жатып жан сақтайды. Онан заманның не заман боларын Құдірет өзі біледі. Қарсақ болар, күзен болар, ең аяғы тышқан, бақа-шаян, құрт-құмырсқа болып, дүние сөйтіп тұрып таусылады-дағы, — дейді.

Сонан соң хан бұлбұл сөзге құлақ қойып, Самарқан шаһарына елші жіберді:

— Ұрысым, соғысым жоқ, әулиелерді зиярат қыла келдім. Осы жерден қайтамын! — деп.

Самарқан, Бұхара жұрты қорқып тұр екен. Мұнан бұрын қосыны қазақ болып, он үш патша ол шаһарларды алған екен. «Қосыны қазақ болды» дегенше, бұл дүниепаз (иаз) сарттарға азап болады екен. Абылай ханнан бұл сөзді естіген соң, Самарқан халқы қуанып, тарту-таралғысымен келіп, ханды көріпті.

Абылай хан сонда:

— Самарқанның көк тасынан басыма қойдыратұғын, жазу ойдыратұғын тас қазып аламын, — деп ұста жинап, тас қаздырды.

Сонда Абылайдың бақытысына шыққан тасты Самарқан халқы көріп, ханнан сүйінші сұрады:

— Бұл тас Әмір Темірден соң ешкімге шықпаған тас, — деп. Сол тасқа атын, сол жерде ұсталарға жаздырыпты: «Абылай ибн Сүйенішхан» деп.

Сол сапардан қайтып Тәшкенге келіп, Мырзахметтің қызын алып:

— Енді ұрыс-соғыс жоқ, — деп орта жүз бен Кіші жүздің батырларына рұқсат беріп, жерлі-жеріне, мекен-суына қайтарыпты.

Үш айдан соң өзі Тәшкеннен Арқаға қарай шығыпты. Қасында біраз төлеңгіт пен үйсін, дулаттың жалпетектері бар. Мұны Шымкенттегі Ғабдірахман сарт естіп, Төбет сұлтан, рабат, Қарабұлақ, иаңкенттегі жанғақ табан диқаншы сарттарды жинап алып, қосын қылып, Абылай ханды қамайды. Сонда дулат халқы қашып кетіп, «жалпыетек дулат» атаныпты. Боза ішіп, дулағаннан басқа өнері аз, тұзсыз көженің күшінен біткен жасық ханның қасындағы төлеңгіттерінің бірсыпырасын қырып тастапты. Ханның өзіне қол тигізуге бата алмапты. Сонда хан Арыс деген өзеннің бойында, бір қырдың басында тұрып, жолдастарын тарқатып жібергеніне пұшайман болып, бармағын шайнады дейді. Сонда бір қария айтқан екен:

— Етек пенен жең болған,
Ежелден саған ел болған,
Орта жүзден кісің жоқ!
Найзасының ұшы алтын,
Кіші жүзден кісің жоқ,
Бұған қарап тұрғаннан басқа ісің жоқ, —

депті. Сонан Абылай сол Арыстың бойында бір қорғанға түсіп, алпыс сегіз жасында жұма күні дүниеден қайтып, сол жер осы күнде «Хан қорғаны» атаныпты. Сүйегін теңге салып, Түркістан шаһарындағы хазірет сұлтан Алғарфин әулиенің күмбезіне алып келіп қойыпты. Өткен күні жұма күні екен. Сарыарқаға қырық күн бұрын естіліпті. «Бүгін қырқы» деп ордаға жиылып бала-шаға, үй іштеріне жұма күні есіттірген екен. Артынан қасындағылары келген соң, «қай күні өлді» деп сұраса, үйіне есіттірген күні өлген екен. Өлмесінен қырық күн бұрын «өлді» деген хабар Арқаға келіп қалғаны. Абылай хан өлгенде, Созақ деген кентте Жалаң аяқ Әздер үш күн, үш түн жылаған екен. Маңайындағы сарт-сауан:

— Тақсыр, бір қазақ өлді деп мұнша неге бүліндіңіз, — дегенде:

— Есіл Абылай Сарыарқада өлмей, сарттың қорғанында өлді-ау! Енді хандық қорғанда қалды, сол үшін жылаймын, — деген екен.
Айтқанындай сонан соң қазақ ортасына хандық жоқ, сарт билеп кетіпті.

Бес қойға алды өгізді
Тегін дерсің деп еді.
Егін егіп, тарының
Сөгін жерсің деп еді.
Жалаң аяқ сарттарды
Бегім дерсің деп еді, —

деп ноғайлыдан шыққан Мөңке бидің айтқаны, ол келіпті де тұрыпты. Мұнан соң «балапан басыңа, тұрымтай тұсына» деген заман болды. Баяғы атам замандағы Бұқарекеңнің «қала салады, орыс алады» деген жерлеріне Абылай ханның немересі Кенесары заманында салынды.


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама