Алматы қалалық сотының қылмыстық істер жөніндегі апелляциялық алқасы Air Astana-ның еншілес компаниясы FlyArystan-дағы 1 млрд теңгеден астам қаражатты иемдену және қылмыстық кірістерді заңдастыру ісі бойынша үкімді өзгеріссіз қалдырды, деп хабарлайды infohub.kz.

Бас көлік прокуратурасының мәліметінше, апелляциялық саты үкімді өзгеріссіз қалдырып, қорғау шағымдарын қанағаттандырмады.

Еске сала кетейік, бұл іс FlyArystan компаниясындағы қаражат иемденуге байланысты. 2024 жылдың басында авиабилеттермен алаяқтық анықталған соң ішкі тергеу басталды. Сол жылдың қазанында тәуелсіз аудит қорытындыларды растап, материалдар құқық қорғау органдарына берілді.

Тергеу нұсқасы бойынша, қаражат иемденуге бұрынғы топ-менеджерлер Даур Еркенұлы, Еркін Исанов және Ренат Абулханов қатысты. Олар сату, кіріс есебі және бағдар желісін басқару бөлімдерінде басшылық қызметтер атқарған. Алаяқтық схемасы арқылы авиабилеттерді сату кезінде компанияға 1 млрд теңгеден астам залал келтірген.

2026 жылғы мамырда Алматы қаласының Алмалы аудандық соты үшеуін де аса ірі мөлшерде қаражат иемдену және қылмыстық кірістерді заңдастыру бойынша кінәлі деп таныды. Даур Еркенұлы тоғыз жылға, ал Еркін Исанов пен Ренат Абулханов сегіз жыл алты айға бас бостандығынан айырылды. Үшеуінің де мүлкі тәркіленіп, бес жыл бойы коммерциялық ұйымдарда басшылық лауазымдарды атқаруға тыйым салынды. Жазасын орташа қауіпсіздік колониясында өтейтін болады.