18 қарашаға қараған түні Ақтөбедегі 11-шағын аудандағы көпқабатты үйде үш жас жігіт лифтіге кірген. Солардың бірі көтергіш есігін жұдырықтап, тепкілей бастаған. Осы әрекеті үшін ол екі жолдасымен бірге сот алдында жауап беруге мәжбүр болды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Ақтөбе облысының полицейлері әлеуметтік желіде тараған бейнежазбаға дереу назар аударды. Кадрларда жас жігіттің лифтіні әдейі бүлдіріп жатқаны анық көрінеді: ол есікті бірнеше рет тепкілеп, жұдырықпен ұрады. Соның салдарынан лифт есігі майысып, тұрғындар көтергішті уақытша өшіруге мәжбүр болды.
Ақтөбе облысы полиция департаменті Instagram-дағы парақшасында хабарлағанындай, қызметкерлер бұзақылардың жеке басын жедел анықтап, оларды полиция бөліміне жеткізді. Лифтіні сол үйдің 2000 жылы туған тұрғыны бүлдіргені белгілі болды.
«Полиция қызметкерлері бұзақылардың жеке басын жедел анықтап, оларды полиция бөліміне жеткізді. Лифтіні сол үйдің 2000 жылы туған тұрғыны бүлдіргені анықталды. Оған және Ақтөбе облысының тағы екі тұрғынына қатысты полицейлер әкімшілік заңнаманың үш бабы бойынша материал жинады: қоғамдық орында алкогольдік масаң күйде пайда болу, тыныштықты бұзу және ұсақ бұзақылық», — деп атап өтті полицияда.
Сот шешімімен үш құқықбұзушының бәрі әкімшілік қамауға алынды. Лифтімен «спарринг» ұйымдастырған жігіт 10 тәулікке қамалса, екі жолдасы 5 тәуліктен қамауға алынды.


