Қостанай облысының Меңдіқара ауданында полиция қызметкерлері Volkswagen Passat көлігін тоқтатып, багажынан бес жануардың сойылған ұшасы мен тегіс ұңғылы аңшы мылтығын тапты, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Ішкі істер министрлігінің ведомстволық сайты хабарлағандай, көлікті тексеру кезінде тәртіп сақшылары 12-ші калибрлі МР-155 тегіс ұңғылы аңшы мылтығын және бес жануардың сойылған ұшасын тапты. Жануарлардың түрі әзірге анықталған жоқ — алдын ала болжам бойынша, бұл жабайы қабандар.

«Қолда бар ақпарат бойынша, полиция қызметкерлері Volkswagen Passat көлігін тоқтатты. Көлікті тексеру барысында 12-ші калибрлі МР-155 тегіс ұңғылы аңшы мылтығы мен бес жануардың сойылған ұшасы табылды. Жануарлардың түрі әзірге анықталған жоқ. Алдын ала болжам бойынша, бұл жабайы қабандар», — деді құқық қорғау органдары.

Осы факті бойынша заңсыз аңшылық белгілерімен қылмыстық іс қозғалды. Мылтық, жануарлардың ұшасы мен көлік тәркіленіп, сараптама тағайындалды.

Полиция сондай-ақ Қостанай облысында «Мал ұрлығы» және «Браконьер» жедел-профилактикалық іс-шаралары жүргізіліп жатқанын атап өтті. Соңғысы 19 қарашада басталды. Рұқсат құжаттарынсыз аң аулау, белгіленген шектеулерден асып кету, сондай-ақ рұқсат етілген маусым аяқталғаннан кейін аң аулау заңнаманы бұзу болып саналады. Заңсыз аңшылық үшін жағдайға қарай әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік қарастырылған.