Air Astana жолаушысы Анна Магнели Тбилисиден Алматы арқылы Данангқа ұшқан кезде 3400 доллары жоғалғанын мәлімдеді. Оның айтуынша, қол жүгіндегі конверттегі купюралардың орнына Малави банкноттары салынып қойылған, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Бұл туралы қыз Instagram-дағы жеке парақшасында жазды. Ол ақша Вьетнамға көшкен соң сонда тұруға арналғанын айтады. Конверт, оның сөзінше, үнемі өзімен бірге қол жүгінде болған.
Пәтерге орналасқан соң жолаушы конвертті ашып, ішінде доллар жоқ екенін байқаған.
«Ақша жай ғана жоғалып кетпеді. Конвертті ашып, 3400 долларды алып, орнына басқа банкноттар шоғырын салып қойған», — деді ол.
Конвертте доллардың орнына 2000 квача номиналындағы Малави банкноттары жатқан. Ауыстыру қай жерде болғанын қыз білмейді.
Air Astana әуекомпаниясы жолаушының өтінішіне жауап беріп, құқық қорғау органдарына жүгінуді ұсынды.
«Әуекомпания сіздің багажыңызға қатысты жағымсыз оқиға үшін шын жүректен кешірім сұрайды. Осы дерек бойынша құқық қорғау органдарына арызбен жүгініп, оқиғаға қатысы бар адамдарды анықтау, кінәлілерді жазалау және шығынды өтеу қажет. Жолаушылардың багажының ішіндегісін ұрлау фактілерін тергеу құқық қорғау органдарының құзыретіне жатады. Әуекомпанияға мұндай тергеу жүргізу өкілеттігі берілмеген», — делінген хабарламада.
Әуекомпания қылмыс Қазақстан Республикасынан тыс жерде жасалса немесе қылмыстың жасалған жерін анықтау мүмкін болмаса, не қылмыс әртүрлі жерде жасалса, іс тергеу аяқталған жердегі сотта қаралатынын қосты.


