Қазақстанда бір тонна ақбөкен мүйізі электрондық саудаға қойылды — лоттың бастапқы құны 1,2 млрд теңгеден асады, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Лот e-Qazyna.kz электрондық сауда порталында жарияланды. Мүйіздің барлық көлемінің жалпы құны — 1 227 148 000 теңге. Лот сипаттамасында мүйіздің ұзындығы 25 сантиметрге жететіні көрсетілген. Хабарландыруға тіркелген суреттерге қарағанда, мүйіздер қораптарға салынған.

Сатушы — «Жасыл даму» акционерлік қоғамы. Сатуға экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаевтың 2026 жылғы 30 шілдедегі бұйрығы негіз болды.

«„Жасыл даму“ акционерлік қоғамына ақбөкен дериваттарын 1 (бір) тонна көлемінде сатуды жүзеге асыру», — делінген құжатта.

Бұл шешім экология және табиғи ресурстар министрінің 2026 жылғы 22 шілдедегі № 140 бұйрығымен бекітілген ақбөкен дериваттарын сату қағидаларына сәйкес қабылданғаны атап өтілген. Бұл туралы бұйрықта жазылған.

Сонымен қатар құжатта мүйіздің бір килограммының құны белгіленген. «Ақбөкен мүйізінің бір килограммының бағасын 2600 (екі мың алты жүз) АҚШ долларына баламалы сомада белгілеу», — делінген бұйрықта.