Ақмола облысы Державинск қаласының тұрғыны көп кезеңді алаяқтық схемасының құрбаны болды: оған 25 миллион теңгеге кредит рәсімделгенін айтып сендіріп, соңында ол алаяқтарға 1,9 миллион теңгеден астам ақша аударып қойды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі мәлім еткендей, алдау белгісіз біреудің қоңырауынан басталған. Ол ер адамға сәлемдеме келгенін айтқан. Әңгімелесушінің нұсқауын орындап, ақмолалық өзіне келген SMS-кодты айтып берген.

Сол-ақ арада онымен банк қызметкерімін деген алаяқ хабарласқан. Ол ер адамның атына 25 миллион теңгеге кредит рәсімделгенін жеткізген. Оны «жою» үшін жәбірленушіге жаңа ақшалай кредит рәсімдеу ұсынылған.

Алаяқтар ер адамды әдейі стресс жағдайында ұстап, болып жатқан жағдайды сабырмен бағалауына мүмкіндік бермеген. Оның үстіне құпиялылықты сақтау сылтауымен оны ақпаратты жарияламау туралы қолхат жазуға көндірген.

Алаяқтардың нұсқауын жалғастыра берген ер адам екі кредит рәсімдеп, үшінші тұлғалардың шоттарына 1,9 миллион теңгеден астам ақша аударған.

Осы дерек бойынша полиция тергеу жүргізіп, алаяқтыққа қатысы бар адамдарды анықтап жатыр.