Астанада автокөлікке қатысты алаяқтық ісі бойынша үкім шықты: алты эпизод бойынша келтірілген шығынның жалпы сомасы 103 млн теңгеден асты, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Астана соттарының Telegram-арнасында жазылғандай, автокөлік сатып алу-сатумен айналысқан ер адамның құрбаны тек астаналықтар ғана емес, қарағандылықтар да болған.

«Сөйтіп, И. жәбірленушілермен сенімді қарым-қатынаста бола жүріп, оларға банктен автокредит рәсімдеуге мақұлдау алған клиенттері бар екенін айтқан. Осыдан кейін жәбірленушілер өз көліктерін қашықтан И. көрсеткен адамдарға қайта тіркеген. Кейіннен И. жәбірленушілермен есеп айырыспай, ақшаны өз қалауынша жұмсап жіберген», — деп түсіндірді сотта.

Барлығы алаяқтықтың алты фактісі, оның ішінде аса ірі мөлшердегісі де тіркелген. Жалпы шығын 103 млн теңгеден асқан.

Айта кетейік, сотталушы Қарағандыдан келген жәбірленушілерге қатысты кінәсін мойындамаған. Ол оларға қатысты алаяқтық әрекет жасамағанын мәлімдеп, қылмыстық құқық бұзушылық құрамы болмағандықтан ақтауды сұраған. Ал астаналық жәбірленушілерге қатысты кінәсін ішінара мойындап, бұл адамдарға қатысты алаяқтықты мәжбүрлеумен жасағанын айтқан.

«Жасалған қылмыстардың мән-жайы мен ауырлығын, жәбірленушілерге ірі және аса ірі мөлшерде келтірілген, өтелмеген шығынды, жеңілдететін мән-жайлардың бар екенін және ауырлататын мән-жайлардың жоқтығын ескере отырып, сот сотталушы И.-ға 6 жыл 8 айға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Сонымен қатар ол 6 жылға автокөлік сатып алу-сату саласындағы қызметпен айналысу құқығынан айырылды», — деп қорытындылады сотта.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.