Ақмола облысында алаяқтардың құрбаны болған қарт әйел баспанасынан және ірі ақша сомасынан айырылды. Зейнеткер пәтерін сатып, түскен ақшаны бөтен адамға табыстаған, деп хабарлайды infohub.kz.
Ақмола облысы полиция департаментінің баспасөз қызметінің мәліметінше, оқиға Бурабай ауданында болған. Онда ірі интернет-алаяқтық фактісі тергелуде. Қылмыстық схеманың құрбаны 1954 жылы туған жергілікті тұрғын болды. Алаяқтарға сеніп, ол пәтерін сатып, мәміледен түскен 17 миллион теңгені белгісіз ер адамға берген.
Құқық қорғау органдарының дерегінше, алаяқтар зейнеткермен сәуір айында байланысқа шыққан. Алдымен олар өздерін энергиямен жабдықтау ұйымының қызметкерлері ретінде таныстырған. Қажетті қызметті рәсімдеу сылтауымен олар әйелді SMS-хабарламадағы кодты айтуға көндірген.
Жәбірленушінің жеке деректеріне қол жеткізген алаяқтар психологиялық қысымды жалғастырған. Кейіннен зейнеткермен сөйлесуге жалған Ұлттық банк және құқық қорғау органдарының қызметкерлері қосыла бастаған. Алаяқтардың нұсқауларын орындап, зейнеткер өзіне тиесілі пәтерін сатқан. Мәміледен ақша алған соң, әйел 17 миллионды үй ауласына келген белгісіз адамға табыстаған.
Бурабай ауданының полиция бөлімі алаяқтық фактісі бойынша қылмыстық іс қозғады. Қазіргі уақытта қылмыстың барлық мән-жайын, сондай-ақ алаяқтық әрекеттерді ұйымдастыруға және жасауға қатысы бар адамдарды анықтауға бағытталған қажетті жедел-тергеу іс-шаралары жүргізілуде.
Полиция алаяқтардың банк, мемлекеттік орган, құқық қорғау және коммуналдық ұйымдардың қызметкерлері болып жиі танысатынын еске салады. Түрлі сылтаулармен олар жеке деректерді, SMS-кодтарды алуға, азаматтарды ақшаны «қауіпсіз шоттарға» аударуға немесе курьерге қолма-қол ақша беруге көндіруге тырысады. Банк, құқық қорғау органдары және мемлекеттік ұйымдардың нағыз қызметкерлері SMS-кодтарды айтуды, белгісіз қосымшаларды орнатуды, ақшаны бөтен шоттарға аударуды немесе бөгде адамдарға қолма-қол ақша беруді талап етпейтінін есте сақтау маңызды.


