Ақмола облысында полиция қызметкерлері сирек кездесетін оқиғаға тап болды: трассада түсі, маркасы және мемлекеттік тіркеу нөмірлері бірдей екі жүк көлігі тоқтатылды. Бұл туралы infohub.kz сайты хабарлайды.
Облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі мәлімдегендей, оқиға 15 қыркүйекте Астана — Қарағанды — Алматы автожолының 29-шақырымында болған. Патрульдеу кезінде полицейлер бір түсті, бір модельді екі Shacman жүк көлігін байқаған. Алайда ең таңғаларлығы — екі көлікке де бірдей мемлекеттік тіркеу нөмірлері орнатылған.
Ақмола облысы ПД патрульдік полиция ротасының 1-взвод командирі Жангелді Әлібеков мұндай оқиғамен алғаш рет кездескенін айтты.
Бірінші көлікті тексеру кезінде ешқандай заңбұзушылық анықталмады, ал екіншісінде үлкен мәселелер туындады. Мемлекеттік тіркеу нөмірі көліктің VIN-кодына сәйкес келмеген. Сонымен қатар, көлік мүлде тіркелмеген.
Жүргізуші Астана тұрғыны болып шықты. Ол көлік өзіне тиесілі емес, тек жүргізуші болып жұмыс істейтінін түсіндірді. Тексеру барысында тіркелмеген көлікке жалған мемлекеттік тіркеу нөмірі орнатылып, одан кейін онымен жүре бергені анықталды.
Осы факті бойынша сот өтті. Жүргізушіге үш тәулік әкімшілік қамау жазасы тағайындалып, бір жылға көлік басқару құқығынан айырылды. Көлік иесіне қатысты жалған мемлекеттік тіркеу нөмірін орнатқаны үшін әкімшілік материал да жасалды.


