Ақтауда арнайы операция барысында синтетикалық есірткіні заңсыз айналымға түсіруге күдікті екі адам ұсталды. Операция бейнеге түсірілді, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

NUR.KZ-тің Маңғыстау облысы полиция департаментіне сілтеме жасап хабарлауынша, 2 қазанда өңір полицейлері басқа да құқық қорғау органдарының өкілдерімен бірлесіп, есірткіні заңсыз айналымға түсіру фактісінің жолын кесті.

Ақтаудың 32-шағын ауданында синтетикалық есірткіні аса ірі мөлшерде заңсыз айналымға түсіруге күдікті екі ер адам ұсталды.

Жеке тінту және тергеу іс-шараларын жүргізу кезінде олардың уақытша тұратын жерінен синтетикалық зат салынған көптеген орамалар, электрондық таразы, қаптама материалдары және тергеу үшін маңызы бар басқа да заттар табылып, тәркіленді.

Сонымен қатар қаланың бірнеше шағын ауданының аумағын тексеру барысында полицейлер осыған ұқсас зат салынған жасырын қоймаларды тапты.

Барлығы жалпы салмағы шамамен 200 грамм синтетикалық есірткі заты салынған 41 орама тәркіленді.

Осы факті бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 297-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде.

Күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамалды.

Қазіргі таңда болған оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған тергеу іс-шараларының кешені жүргізілуде.