Ақтау тұрғыны TikTok тікелей эфирінде басқа қолданушыға бағытталған әдепсіз сөздер айтқаны үшін сот алдына барады, деп хабарлайды infohub.kz.
44 жастағы жергілікті тұрғын TikTok әлеуметтік желісіндегі тікелей эфир кезінде әдепсіз сөздер қолданғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Оқиға 12 шілдеде болған, әйел эфир барысында басқа қолданушыға қатысты қорлайтын сөздер айтқан.
Маңғыстау облысы полиция департаментінің қызметкерлері әлеуметтік желілерді мониторингілеу кезінде трансляция жазбасын анықтаған. Құқық қорғау органдарының пікірінше, мұндай әрекеттер қоғамдық тәртіпті бұзады. Видео авторының жеке басы тексеру барысында анықталған.
Ақтау тұрғынына ҚР ӘҚБтК-нің 434-бабы «Ұсақ бұзақылық» бойынша әкімшілік хаттама толтырылған. Іс құжаттары процессуалдық шешім қабылдау үшін мамандандырылған әкімшілік сотқа жіберілді.
Полиция интернетте, оның ішінде тікелей эфирлерде құқыққа қайшы контент жариялау қолданушыларды жауапкершіліктен босатпайтынын еске салды.
Бұған дейін Қазақстанда тоғыз стример донаттар үшін адам ұрлауды сахналағаны, төбелескені және әдепсіз сөздер айтқаны үшін жауапкершілікке тартылған. Сондай-ақ, әлеуметтік желілердегі мұндай мінез-құлық үшін Жамбыл, Түркістан, Алматы, Ақтөбе облыстары мен Семей тұрғындары жазаланған.


