Ақтөбеде сот 6 млн теңге көлемінде алаяқтық жасаған ер адамға үкім шығарды. Ол бұған дейін де қылмыстық жауапкершілікке тартылғандықтан, жазалардың жиынтығы бойынша түпкілікті жазасы 5 жыл бас бостандығынан айыру болды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Ақтөбе облысы соттарының Telegram-арнасында мәлім болғандай, қылмыстық істі Ақтөбе қаласының №2 соты Қылмыстық кодекстің 190-бабы 3-бөлігінің 1-тармағы (ірі мөлшерде алаяқтық) бойынша айыпталған адамға қатысты қарады.

Сот 2021 жылдың тамызынан қыркүйегіне дейін сотталушы қор арқылы пайызсыз кредит алуға көмектесу сылтауымен алдап, жәбірленушінің 6 млн теңгесін иемденіп, оған материалдық залал келтіргенін анықтады.

Сот отырысында сотталушы кінәсін толық мойындады. Оның кінәсі жәбірленушінің жауабымен, банк үзінділерімен және іс материалдарына қосылған басқа да дәлелдердің жиынтығымен расталды.

Сот қылмыстық жауапкершілік пен жазаны жеңілдететін мән-жайлар ретінде кінәні толық мойындауды, шын жүректен өкінуді және кәмелетке толмаған балаларының болуын таныды. Жауапкершілік пен жазаны ауырлататын мән-жайларды сот анықтаған жоқ.

Сот үкімімен ер адам Қылмыстық кодекстің 190-бабы 3-бөлігінің 1-тармағы бойынша кінәлі деп танылып, оған 3 жыл 6 ай бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.

Қылмыстық кодекстің 58-бабының 3 және 6-бөліктеріне сәйкес, қылмыстық құқық бұзушылықтардың жиынтығы бойынша, осы үкіммен тағайындалған неғұрлым жеңіл жазаны Ақтөбе қаласының №2 сотының 2022 жылғы 30 қыркүйектегі үкімімен тағайындалған неғұрлым ауыр жазамен сіңіру жолымен түпкілікті 5 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Сонымен қатар ол мемлекеттік және коммерциялық ұйымдарда басшылық лауазымдарды атқару құқығынан 10 жылға айырылды.

Үкім заңды күшіне енді.