Павлодар облысында ер адам ажырасумен келісе алмай, бұрынғы әйелін қудалай бастаған. Осы үшін ол жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Ішкі істер министрлігінің медиапорталында мәлім еткендей, ерлі-зайыптылардың некесі осы жылдың қаңтарында бұзылған. Алайда ер адам қатынасты қайта қалпына келтіруге тырысып, әртүрлі нөмірлерден қоңырау шалып, хат жазып, өзін тиісті деңгейде ұстамаған.

Сәуірде ол бұрынғы әйелінің жұмысына барып, одан тағы бір мүмкіндік беруін сұраған. Бас тарту алған соң жанжал шығарды. Оған қатысты қорғау нұсқамасы шығарылды, бірақ бұл қудалауды тоқтатпады.

«Нұсқаманы бұзғаны үшін ер адам 10 тәулікке қамауға алынды. Кейін жағдай қайталанды, кезекті бұзушылық үшін оған 20 тәулік әкімшілік қамау тағайындалды. Бірнеше рет ескерту жасалып, қорғау нұсқамалары берілсе де, ол бұрынғы әйелімен байланыс іздеуді жалғастырды: әртүрлі абоненттік нөмірлерді пайдаланып, 30 ретке дейін қоңырау шалып, хабарлама жіберді», — деп атап өтті полицияда.

Кейін ер адамның әрекеттері Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 115-1-бабы «Сталкинг» бойынша сараланды. Сот шешімімен оған 100 сағат қоғамдық жұмыс түріндегі жаза тағайындалды.

Ішкі істер министрлігінде сталкинг үшін қылмыстық жауапкершілік Қазақстанда 2025 жылы енгізілгенін еске салды. Сталкинг деп адамның еркіне қарсы онымен байланыс орнату немесе оны іздестіру арқылы заңсыз қудалауды түсінеді. Баптың санкциясы 200 сағатқа дейінгі қоғамдық жұмысты не 50 тәулікке дейінгі қамауды қарастырады.