Ақтөбе облысында кәріз құрылысына ақша жинап алып, жұмысты бастамаған мердігерге қатысты қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Ақтөбедегі жеке сектор тұрғындары екі жыл бұрын аудандарына кәріз жүйесін салуы тиіс мердігерге жүгінген. Қала тұрғындарының айтуынша, олар ондаған жылдар бойы септик қолданып, айына төрт ретке дейін 8 мың теңгеден сорғызу ақысын төлеуге мәжбүр болған. Екі жыл бұрын тұрғындар көпжылдық мәселені шешеміз деп уәде берген компанияға жүгінген. 28 үйдің әрқайсысынан 300 мың теңгеден жиналған, алайда жөндеу жұмыстары басталмаған.
«Ақшаны бізден талап етті. Мұнда кім тұратынын көріп тұрсыз ба? Зейнеткерлер көп. Бұл 300 мыңды несиеге алдық. Ал ол екі жыл бойы уәде берді. Күн сайын! Трактор келе жатыр — бәріміз далаға шығамыз, трактор келе жатыр! Құбырларды да әкелді, үш құбыр әкелді. Ол бізге күн сайын өтірік айтты!» — дейді Ақтөбе тұрғыны Зәуреш Имжарова.
Тұрғындар полицияға арызданған. Тұрғындардың есебі бойынша, келтірілген шығын 9 млн теңгеге жуық. Құқық қорғау органдары қылмыстық іс қозғады.
«Аталған факті бойынша ҚР ҚК 190-бабы "Алаяқтық" бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі уақытта дәлелдемелерді бекітуге бағытталған қажетті тергеу әрекеттерінің кешені жүргізілуде. Тергеу әрекеттерінің нәтижелері бойынша заңды шешім қабылданатын болады», — деді Ақтөбе облысы полиция департаменті баспасөз қызметінің жетекшісі Ерболат Сарқұлов.


