Әлеуметтік желілерде Ақтөбе су қоймасының жағасында өлі балық пен құстардың өлексесі түсірілген видео тарады. Осыдан кейін экологтар су сапасын тексеруге кірісті, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Ақтөбе тұрғыны Айгерім Тұрлан Instagram-да видео жариялап, Ақтөбе су қоймасының жағасына өлі балық пен құстардың өлексесі шығып қалғанын мәлімдеді.
Бұл жазбаға Ақтөбе облысы экология департаменті жауап берді. «Ақтөбе су қоймасында өлген құстар мен балықтар табылған факті бойынша жұмыс тобы құрылды. Оның құрамына департамент мамандары, Ақтөбе облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі инспекциясының, табиғи ресурстарды басқару және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының, Тобыл-Торғай облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясының, «Қазгидромет» РМК Ақтөбе облыстық филиалының, Ветеринарлық бақылау және қадағалау комитеті аумақтық инспекциясының мамандары, сондай-ақ Ақтөбе қалалық ветеринарлық станциясының өкілдері кірді», — деді ведомство.
29 қыркүйекте жұмыс тобы Ақтөбе су қоймасында өлген құстар мен балықтар табылған жерге барды. «Көрсетілген жерден ветеринарлық инспекция мамандары зертханалық талдау мен зерттеу жүргізу үшін төрт құстың (шағаланың) өлексесін алды. Алайда бейнежазбада көрсетілген өлі балық (бір дана) мен судан алынған шағаланың өлексесі табылмады», — деді департаментте.
Мамандардың алдын ала қорытындысы бойынша, алынған төрт құстың өлексесі кебуіне, жұмсақ тіндерінің болмауына және басқа да жағдайларға байланысты зертханалық талдау мен зерттеу жүргізуге жарамсыз болуы мүмкін. «Басқа құстар мен балықтардың өлгені немесе жаппай қырылғаны туралы фактілер тіркелмегенін атап өткен жөн», — деді Экология департаментінде.
Жұмыс тобы Ақтөбе су қоймасының үш нүктесінен су сынамасын алды: Ақтөбе — Қандыағаш автомобиль жолының 14-шақырымы ауданында; 41-разъездегі құс фабрикасының маңында; Ақтөбе су қоймасының төменгі бьефінде.
«Алынған су сынамаларына зертханалық талдау мен зерттеуді департаменттің сынақ зертханасы және «Қазгидромет» РМК Ақтөбе облыстық филиалының табиғи ортаның ластануын мониторингілеу кешенді зертханасы жүргізеді. Зерттеу мерзімі — бес жұмыс күні, 6 қазанға дейін», — деді ведомство.
Сонымен қатар Экология департаменті «Қазгидромет» РМК облыстық филиалы Ақтөбе су қоймасында су сапасына мемлекеттік экологиялық мониторингті ай сайын жүргізетінін хабарлады. «Су сынамасы үш нүктеден алынады: Елек өзенінен, Алға қаласынан 15 км төмен (су қоймасынан жоғары), тікелей су қоймасынан, сондай-ақ Силикат зауытының ауданында (су қоймасынан төмен). 2025-2026 жылдардағы талдау нәтижелері бойынша судың жоғары және аса жоғары ластану фактілері тіркелген жоқ. Жұмыс тобының нәтижелері туралы қосымша хабарланатын болады», — деді Экология департаментінде.


