Қазақстанда 1 қаңтардан бастап медицина қызметкерлеріне, психологтарға және әлеуметтік қызметкерлерге жалақы көтерілмек. Тиісті үкімет қаулысының жобасы «Ашық НҚА» порталында жарияланып, көпшілік талқылауына шығарылды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Құжатта алғашқы медициналық-санитарлық көмек мамандарына үстемеақы белгілеу қарастырылған. Атап айтқанда, алғашқы медициналық-санитарлық көмек ұйымдарындағы үздіксіз еңбек өтілі үшін — учаскелік терапевтерге, учаскелік педиатрларға, жалпы практика дәрігерлеріне, учаскелік медбикелерге, жалпы практика медбикелеріне, фельдшерлерге, акушерлерге, патронаждық медбикелерге және мектеп медбикелеріне — мынадай үстемеақы ұсынылып отыр: екі жылдан астам өтілде — лауазымдық жалақының 20%-ы, үш жылдан астам өтілде — 30%-ы, бес жылдан астам өтілде — 50%-ы.
Алғашқы медициналық-санитарлық көмек ұйымдарының халыққа тікелей сүйемелдеу жасайтын медициналық емес қызметкерлеріне психоэмоционалдық және физикалық жүктеме үшін үстемеақы қарастырылған: психологтарға — базалық лауазымдық жалақының 300%-ы, әлеуметтік қызметкерлерге — базалық лауазымдық жалақының 200%-ы мөлшерінде.
«2027 жылдың 1 қаңтарынан бастап алғашқы медициналық-санитарлық көмектің учаскелік қызметі медицина қызметкерлерінің, сондай-ақ алғашқы медициналық-санитарлық көмектің учаскелік қызметі психологтары мен әлеуметтік қызметкерлерінің жалақысы көтеріледі. Ұсынылып отырған шаралар атаулы сипатта және ең алдымен халыққа медициналық көмектің қолжетімділігін тікелей қамтамасыз ететін қызметкерлерді ұстап қалуға бағытталған. Оларды іске асыру кадрлардың тұрақтамауын төмендетуге, кадр тапшылығын қысқартуға, пациенттерді бақылаудың сабақтастығын қамтамасыз етуге және қолданыстағы мамандарға түсетін жүктемені азайтуға мүмкіндік береді», — делінген жобаның түсіндірмесінде.
Жоба 7 желтоқсанға дейін көпшілік талқылауына қолжетімді. Бұған дейін, қазан айында, премьер-министр Олжас Бектенов Денсаулық сақтау министрлігіне 2027 жылдан бастап медиктердің жалақысын көтеруге арналған шығыстарды үшжылдық бюджетте қарастыруды тапсырған болатын.


